Үшінші орын Жетінші арнаға бұйырды. Олар қола жүлде үшін тарыста Еуразия+Орт командасымен кездескен. Бұл ойында Жетінші арнаға жеңіс қажет болса, Еуразияға тең нәтиже де жеткілікті. Бәлкім, сол тең ойнасақ болады деп келді ме екен, Еуразия ойыншылары бірден қорғаныста жатып алып, соңында осы тактикаларынан опық жеді.
Жетінші арна маусымның соңғы ойынында бар күштерін салып, қарсыластарын 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Еуразия амал жоқ, төртінші орынды қанағат тұтты. Негізі екі команданың жинаған ұпай саны бірдей. Тек жеке кездесудің қорытындысы бойынша Жетінші арна алға шықты.
Ал чемпиондыққа Qsport.kz қол жеткізді. Соңғы турда олар Kazaknews.kz командасымен кездескен. Ойынның алғашқы 30 минуты тартысты өтті. Qsport.kz екі рет алға шыққанымен, қарсылас команда жылдам таразы басын теңестіріп отырды. Сосын тіпті, екінші таймның бас жағында 3:2 есебімен өздері алға шықты. Қызық осы кезде басталды. Егер Qsport.kz қарсыласқа есе жіберсе, Metaratings.kz чемпион атанады. Ойынның басында үміттері үзіліп отырған Ербол Қайыровтың әріптестері де матчқа елеңдей бастады. Бірақ Kazaknews.kz шаршап қалды ма, матчтың соңғы жағында қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Қорытынды есеп – 5:3.
Metaratings.kz өз кезегінде Айқапты 4:0 есебімен ойсырата ұтып, күміс жүлдеге ие болды. Енді екі ұжым жаңа маусымда А лигасында бақ сынайды.