А лигасының 14-турдың алғашқы кездесуі Nat Geo Qazaqstan мен Aiqyn-Литер арасында өтті. Бұл ойын енді голға толы болды. Есепті алғашқы минуттардың бірінде Амангелді Сейітхан ашқан. Бірақ Ермұхамед Мәулен жылдам жауап қайтарды. Одан кейін Дарын Шеңгелбай Айқынды қайтадан алға шығарды. Бірақ «Табиғат жыршылары» да лайықты жауап қайтары. Осыдан кейін газет командасы тағы екі доп кіргізіп, 4:2 есебімен алға шыққан. Бір қызығы, кейін екі голды да Дарын мен Амангелді өз аттарына жазды.
Бірақ екінші таймда жағдай өзгеріп шыға келді. Айқын ойыншылары дубль авторы атанып жатқанда, Ермұхамед Мәулен хет-трик жасап көзге түсті. Одан басқа ойыншылары да мергендік танытып, ойын 7:4-ге дейін жетті.
Всеволд Хван «ештеңе етпейді, тағы да соғамыз» деп жүргенде ойын уақыты да бітті.
Aiqyn-Литердің төртінші орын алу керек деген маусымға қойған тапсырмасы орындалмады. Олар чемпионатты бесінші орынмен аяқтайды.
Ал Qazaqstan-Qazsport командасы үшін Хабар 24-пен кездесу соңғы матчтардың алдындағы жаттығу секілді болды. Әлішер Келгенбай мен Бақытжан Масақов ойнамаса да, басқа жігіттері 7:1 есебімен қарсыласын оңай жеңді. Негізі Хабар 24-тің тағы да бірнеше гол соғатын мүмкіндіктері болған. Алайда бұл Нұрахмет Бектұрғановтің күні емес екен. Тіпті, бос қақпаның өзі қисық көздеп жүрді.
Осы турдың орталық ойыны Хабар мен Қазмедиа арасында өтті. Айқын, Хабар 24 командаларын қарсылас көрмейтін Қазмедианың осындай шешуші ойындарда осалдық танытатыны бар. Бұл жолы да солай болды. Әдеттегідей Ершат Қожатаев маңызды матчқа қызыл қағазына байланысты алаңға шыға алмады. Ол Qazaqstan-Qazsport-пен кездесуде екі сары қағазбен қуылып кеткен болатын.
Чемпиондыққа таласып көреміз деген Құмарбек Азат бастаған команда қатарынан екі шешуші ойында ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтты.
Хабар бұл матчты 1:0 есебімен ұтты. Жеңіс голын Асқар Хамиден соқты. Негізі екінші голды кіргізуге де мүмкіндіктері бар еді. Бірақ пенальтиден Қолғанат Салин мүлт кетті.
Енді соңғы турда Хабар мен Qazaqstan-Qazsport осы маусымдағы үшінші ойындарын өткізеді. Алғашқы екі кездесу де 2:2 есебімен тең аяқталған. Хабар тек жеңіс қажет, қарсыласына бір ұпай да жеткілікті.