13-турға дейін чемпиондықтан Жетінші арна мен Еуразия+Орт командаларының да мүмкіндіктері болған. Бірақ сенбі күні екеуі де қарсыластарына есе жіберді. Енді бұл екі команданың біреуі қола жүлдегер атанады.
Ал чемпиондыққа Qsport.kz пен Metaratings.kz таласады. Qsport.kz осы жолы Айқапты ірі есеппен жеңді. Қабиден Қуанышбайұлының қақпасына жауапсыз тоғыз гол соғылды. Осының алдында Kazaknews.kz командасын ұтқан соң, Айқап біраз тойлап кеткен тәрізді. Өткен турда бірнеше сейфтер жасап, қауіпті шабуылдарды да өзі бастаған қақпашы Қабиден бұл жолы ондай ерлік жасаған жоқ.
Qsport.kz сапында гол соқпаған адам қалмады. Бекболат Кәрібай мен Ержан Қожабеков хет-трик жасады.
Енді оларға Жетінші арна мен Kazaknews.kz командасын жеңу керек, сол кезде чемпиондықты тойлайды.
Ал егер осы екі ойынның біреуінде қарсыласқа есе жіберсе, Metaratings.kz бірінші орынға шығып кетуі ықтимал. Ербол Қайыровтың командаластары сенбі күні аса маңызды матчта Еуразия+Орт ұжымынан басым түсті. Есепті команда капитаны Нұркен Тоқмурзин ашса, екінші голды Руслан Тәуірше өз атына жазды.
Жетінші арна күтпеген жерден Kazaknews.kz жігіттерінен ұтылып қалды. Өте сауатты ойнаған ақпараттық агенттіктің командасы 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Маусым басында чемпиондықтан басты үміткер болған Жетінші арна осылайша алтын жүлдеден күдер үзді. Енді тек қола жүлдеге таласады.