Осы турдың орталық ойынында Қазмедиадан үміт күткендер көп болған. Дәл қазір Qazaqstan-Qazsport жігіттерін бір тоқтатса, осылар тоқтауы мүмкін дегендер болған. Бірақ шын мәнінде бәрі басқаша болды. Былайша айтқанда, Қазмедиа өз қателіктерінің құрбаны болды.
Қазспорт аса қатты ештеңе көрсеткен жоқ. Бірақ мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Қазмедиа тек есеп 3:0-ге жеткенде оянды. Бірақ екі голдан көп соғуға шамалары жеткен жоқ. Қорытынды есеп – 3:2.
Бұл матчта Қазмедианың қорғаушысы Ершат Қожатаев екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Ол енді Хабармен ойынға қатыса алмайды.
Ал Хабар бұл турда Aiqyn-Литерді аса қиналмай жеңді. Шымкенттен Сапарғали Қанат да келген екен. Есепті де алғаш болып, Сапарғали ашты. Одан кейін Нұрсұлтан Құрман екінші допты кіргізді. Үзіліске дейін Талғар Тұрсынәлі есепті бір допқа қысқартқанымен, одан әріге Айқынның шамасы жеткен жоқ.
Екінші таймда Асқар Хамиден мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды. Хабарға қалған екі матчта жеңу керек. Сол кезде чемпиондыққа қол жеткізеді. Бірақ қарсыластары оңай емес: Қазмедиа мен Qazaqstan-Qazsport.
Турнир кестесінің соңғы жағында жүрген Nat Geo Qazaqstan мен Хабар 24 арасында ойында алғашқысы жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 4:2.