Әлемді жайлаған індет белгілі комментаторды да айналып өткен жоқ. Бүгін 53 жасқа қараған шағында Алматыдағы ауруханада дүниеден өтті.
«Ол кісі ауруханада көп жатқан жоқ. Кеше жансақтау бөліміне түсті. Бүгін айырылып қалдық. Соңғы күнге дейін жасырып, жаны қиналып жатса да ешкімге білдірмеді»,- деді әріптес інісі Жандос Айтбай.
Осы ретте қазақ спорт журналистикасында өзіндік ізін қалдырған Амангелді Сейітханның бұл салаға қалай келгеніне тоқталып өтсек. Аталған сұраққа өзі бұрынғы сұхбаттарының бірінде былай жауап беріп еді:
«Бұл мамандықты өзім таңдаған жоқпын. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде бірінші курста оқып жүрген кезім еді. Қазіргі Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, сол тұста «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеген, қаламы жүйрік журналист Бауыржан Омаров бізге арнайы курстан сабақ беретін. Бір күні ол «мен сені үйіріңе қосамын» деп газетке ертіп апарып, бөлім меңгерушісі, танымал спорт шолушы Несіп Жүнісбаевпен жолықтырды. «Мына бала сізге шәкірттікке жарайтын сыңайлы. Байқаймын, таңдаулы шәкіртіңіз болады» деді. Несағаң «Мұндайлар көп қой. Көрейік» деп бастапқыда селқос қарсы алғаны жасырын емес. Бір аптадан кейін ізденісіме, талабыма қуанғаны бойыма шабыт бітірді. Футбол тақырыбын әбден зерттеп, зерделеп жазған «Қайраттың» командасының обалы кімге?» атты мақалам көңілінен шыққан соң ғана Несіп ағаның шәкірті қатарына қабылдандым. «Спорт» газетінде де біраз тер төктім», – дейді марқұм Амангелді Сейітхан ағамыз.
Одан кейін телеарнада қызмет атқарды. 994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Ол телеарнадағы спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды. Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.
Соңғы жылдары Хабар 24 арнасында қызмет атқарды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін доп теуіп өтті. Біздің БАҚ лиганың тұрақты ойыншысы, алаңдағы жастардың көшбасшысы еді. Кейінгі маусымдарда Aiqyn-Литер командасында доп тепті.
БАҚ лига ұйымдастыру комитеті мен команда ойыншылары атынан марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз! Бақұл болыңыз Аман аға!