Қазмедиа командасында үнемі шешуші сәтте бірдеңе жетіспей жатады. Тіпті, бесінші маусымда Хабарды 5:3 есебімен ұтып тұрып, ойынның бітуіне 7 минут қалған жеңіліп қалғанын БАҚ лига қатысушылары әлі күнге дейін ұмытқан емес. Егер сол матчта кемі тең түскенде, чемпиондыққа ие болатын еді. Бірақ олар екінші орынды қанағат тұтты. Содан кейін команда әзірге А лигасында үштіктен көрінген емес.
Көп жағдайда Қазмедианың фавориттермен кездесуде жолы болмайды. Әлі күнге Хабарды жеңе алмай жүр. Тіпті, жақында кубокта Хабардың ең әлсіз құрамымен ойнап, тең түсіп қалды. Қызығы, кездесуде Қазмедиа 5:1 есебімен алда тұрған. Бірақ ойын 6:6 есебімен тең аяқталды.
Бірінші лигада басты фаворит Қазспорттан алғашқы айналымда ірі есеппен ұтылды. Хабарды да жеңіп тұрып, кейіннен 2:4 есебімен жол берген. Әйтеуір, екінші айналымда Қазспортпен тең түсті. Команданың көшбасшысы Құмарбек Азат аутсайдерлер 4-5 голдарды топырлатып салуы мүмкін, бірақ осы фавориттермен кездесуде жоғалып кетеді.
Соны түсінген команда жақында тактиканы өзгертті. Бұл жоспарлары әсіресе Бердіқұлов турнирінде өз жемісін берді. Шабуыл шебінде жүретін Құмарбек артқы жаққа түсіп, ойынды қорғаныстан бастауға көшті. Сол турнирде команда чемпион атанып, өздеріне деген сенімділіктерін арттырды.
Қазмедиа ендігі межесі биылғы маусымда чемпион атану. Үштіктен төмен түспейтіні көпшілікке аян деп ойлаймыз. Ал чемпиондыққа қол жеткізу үшін алдағы Хабармен екі матчта кемі төрт ұпай жинау қажет. Сосын Қазспорттың да осал тұсын тапса, көптен күткен кубоктарына қол жеткізуі мүмкін.
Былай қарасаңыз, Қазмедианың биыл барлық мүмкіндіктері бар. Қақпада Саят Сабырбаев пен Қанат Базылхан бар. Қорғаныста қимылы ширақ Нұрбол Тұрсынбаев, «БАҚ лиганың Серхио Рамосы» Ершат Қожатаев жүр. Одан бөлек биыл Астана командасынан Еркін Бектенов келді. Мағжан Төлеуовтің де ойыны ширап, жиі мергендігімен көзге түсіп жүр. Шабуылда Асқар Мұхтаров, Құмарбек Азат, Батырбек Қазыбек, Қанат Такиров, Марғұлан Ибраев, Әнуар Шәймерденовтер ойқастап жүр.
Қазіргі кезде команда көшбасындағы Qazsport пен Хабардан 2 ұпайға қалып тұр. Лиганың аяқталуына 6 тур бар. Жоғарыда айтқандай, қос көшбасшымен де әлі кездеседі. Сондықтан барлығы өз қолдарында