Осы ретте маусымаралық үзіліс кезінде жүзеге асқан трансферлердің арасында жеті үзігін таңдап алдық.
Біз бұл жерде Талғат Қайыргелдин (Nat Geo Qazaqstan), Елбол Қаримов (Aiqyn-Литер) секілді бұрынғы командаларына қайта оралғандарды қоспадық.
1. Бақытжан Масақов (Хабар -Qazaqstan-Qazsport)
Сөзсіз, біраз дау туғызған трансфердің бірі. Чемпиондықтан үмітті екі командаға да қажетті ойыншы. Бақытжан бұл трансферді былай түсіндірді.
«Хабар төрешілерге ренжіп, маусымнан шығамыз деп айтты. Сол кезде бірден Qazsport капитаны Эльдар Аманбаев хабарласып, өздеріне шақырды. Мен келісімін бердім. Одан кейін Хабар қайтадан маусымда қалатын болды. Ол кезде бәрі кеш еді. Сөз бердім, уәдемде тұруым керек. Оның үстіне, жаңа командамның бірлігі, атмосферасы ұнайды», – дейді Масақов.
2.Дулат Кәрібай (еркін агент – Qazaqstan-Qazsport)
Дулат Алматыдағы доп тебетін журналистердің арасында шоқтығы биік, жұлдыздарының бірі. Көптеген республикалық жарыстарда доп тепкен. Ол бұған дейін де БАҚ лигадағы командалардың тізімінде болған. Нақтырақ айтсақ, Хабар былтыр тіркеген. Алайда бірде-бір ойынға келген емес. Енді биыл бұл ойыншы Qazsport өз қатарына қосты. Осының алдында Бердіқұлов турнирінде доп тепкен Дулат трансферден кейін де Алматыдан арнайы келіп, екі ойынға қатысып үлгерді.
Сондықтан Кәрібайды бұл тізімде екінші орынға қойдық.
3.Ермұхамед Мәулен (Metaratings.kz – Nat Geo Qazaqstan)
Шоу жасағанды жақсы көретін, Златан Ибрагимович ағасына еліктейтін Ермұхамед А лигасына ауысты. Осыған дейін В лигаларында ойнаған оны шаубылшы таппай жүрген Nat Geo Qazaqstan өз қатарына қосты. Алғашқы матч сәтті болды. 32 жастағы комментатор Журналистер кубогында Aiqap қақпасына хет-трик жасады.
- Қанат Базылхан (Qazaqstan-Qazsport – Қазмедиа)
Қанат – журналистер арасындағы беделді қақпашылардың бірі. Бірақ биыл лигада бірде-бір ойын өткізген жоқ. Оған себеп – Қанаттың жұмыс кестесінің сәйкес келмеуі және Qazsport сапындағы қақпашылардың бәсекелестігінің жоғары болуы. Өйткен Қуат Шайсұлтанов та әзірге сенімнен шығып жүр.
Сондықтан трансферде Қазмедианы өздеріне тіркеп үлгерді. Енді Олимпиада ойындары аяқталған соң, Базылхан осы маусымдағы алғашқы ойынын өткізуі мүмкін.
5.Ержан Жүніс (Хабар – Qsport.kz)
Ержан барлық талаптарға сай келетін ойыншы. Яғни БАҚ лиганың талабы бойынша алаңда 33 жастан асқан бір адам жүру керек. Ол осы талапқа сәйкес. Оның үстіне өз құрдастарымен салыстырғанда алаңда қимылы ширақ, техникасы жоғары. Сондықтан кез келген командаға сіңісіп кете алады.
Маусымның бірінші бөлігін Хабарда өткізген Ержан Жүніс трансферде Qsport.kz жейдесін киіп үлгерді.
6 Аян Әбдуәли (еркін агент – 7 арна)
Аянды соңғы жылдары лигадан көрмей кетіп едік. Ол ойнаған Egemen Qazaqstan, Elorda Aqparat осы күні маусымда жоқ. Былтыр Мазмұндама сапына қосылғанымен, жарақатына байланысты кейінгі ойындарға келе алмады. Биыл біраз уақыт әуесқой футбол лигасында жүрді. Енді трансферде оны 7арна қатарға қосыпты. Бір кездері сұрмергендер қатарына жүретін Аян жаңа командасына көмегі тиеді деп ойлаймыз.
7.Ұлан Ақсұлтанов (еркін агент – Aiqap)
Бір кездері Жетісудің дублінде доп тепкен Ұлан Ақсұлтанов соңғы жылдары телевидение сапында еңбек етіп жүр. Осыған дейін Астана командасында ойнаған Ұлан жақында БАҚ лигаға қайта оралды. Бұл жолы В лигасының аутсайдері Aiqap жейдесін киді. Команда басшылығы Ақсұлтановтан көп үміт күтетіндерін айтты.