Бұған дейін Хабар, Қазмедиа, Aiqyn-Литер, Qsport, Хабар 24, Qazsport, 7 арна командалары топтан шыққан еді. Осы жолы плей-оффта ойнайтын сегізінші команда анықталды.
А лигасында соңғы орында келе жатқан NatGeo Qazaqstan В лигасының аутсайдері Aiqap-пен кездесті. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, NatGeo қарсыласты аяған жоқ. Жауапсыз 12 доп соқты. Командаға трансферлік кезеңде ауысқан Ермұхамед Мәулен жаңа командасы сапындағы алғашқы ойында хет-трик жасап көзге түсті. Сонымен қатар Болатхан Серікбай да үш доптың авторы атанды. Қалған алты голды Маханбет Ануарбекұлы, Ержан Әмірхан, Бекзат Сайназар, Талғат Қайыргелдин, Серік Оңталап соқты.
Шынымен де, жолы болмай жүрген командалар бар ашуын осы Айқаптан алуда. Бұған дейін Kazaknews.kz пен Еуразия+Орт командалары 8 доптан кіргізген.
Енді ширек финалға өткен сегіз команда әріқарай кубок жолындағы өзара мықтыны анықтайды.