Бұл турда олар өздерімен әріптес Хабар 24 арнасының командасымен кездескен. Бір күн бұрынғы ойында Хабар 4:0 есебімен ойсырата ұтқан. Тағы да оп-оңай қалпақпен ұрып аламыз деді ме екен, әйтеуір жексенбі күні ойындары жүрмей қойды.
Бірінші таймның аяғында капитан Шыңғыс Ерғалиев Хабарды алға шығарған. Үзілістен кейін бұған Бейімбет Молдағали лайықты жауап қайтарған. Оан кейін Бақытжан Масақов гол соғып, мәселе осымен шешілгендей көрінген. Алайда тағы да сол Бейімбет Молдағали ойынның бітуіне 1 минут қалғанда таразы басын теңестіріп кетті. Қорытынды есеп – 2:2.
Хабармен бірге чемпиондықтан негізгі үміткер Qazaqstan-Qazsport кезекті үш ұпайларына қол жеткізіп, жеке-дара көш бастады. Олар екінші күн қатарынан Nat Geo Qazaqstan командасынан басым түсті.
Ойынның шырқы 7-минутта бұзылды. Алдымен, ортадағы допқа талас кезінде Nat Geo капитаны Арай Ізбай қарсылас команданың 8-нөмірлі ойыншысын аяғымен іліп кеткен. Бірден ашуға булыққан Жандос Манашев капитанды артынан аяқтан теуіп қалды. Осыдан төбелес басталып, төреші екеуін де алаңнан қуды.
Ал эсепті 15-минутта Qazaqstan-Qazsport капитаны Эльдар Аманбаев ашты. Оның оң қапталдан жүйіткіп, жасаған соққысына ешкім тосқауыл болған жоқ.
Ал екінші таймның 27-минутында Nat Geo қақпасына кіріп бара жатқан голды қорғаушы Серік Оңталап қолмен тосқан. Төреші ойыншыны алаңнан қуып, пенальти белгіледі. Бірақ нүктеге келген Әлішер Келгенбайдың соққысын қақпашы қайтарды.
Бірақ Qazsport бәрібір де екінші голдарын соқты. Әлішер Келгенбей мен Ратмир Әубәкір тандемі әдемі ойын көрсетіп, соңғысы бос қақпаны дәл көздеді.
«Табиғат жыршылары» Арай Ізбай болмаса да, бір доп соғуға шамалары жетті. Ауттан берілген допқа Болатхан Серік бірінші жетіп, Шайсұлтанов қорғаған қақпаның кілтін тапты.
Алайда одан әріге шамалары жеткен жоқ. Есесіне Qazsport үшінші голдарын соқты. Шабуылшы Әлішер Келгенбай алаңнан бос кетпей, шешуші допты өз атына жазды. Қорытынды есеп – 3:1.
Айтпақшы, матч соңындағы төбелеске қатысы бар Ратмир Әубәкір мен Қуан Шайсұлтанов та қызыл қағаз алды. Енді үшеуі келесі матчта Хабармен ойында алаңға шыға алмайды.
Сонымен қатар 6-турда Қазмедиа мен Aiqyn-Литер кездесіп, ойын 4:2 есебімен аяқталды. Негізі Айқын біраз қарсыласып баққан. Тіпті, матч басында есеп 2:2 болып та тұрды. Оған қақпашылары әлсіз болып, содан опық жеді. Алғашқы екі гол тікелей қақпашының қателігінен кейін соғылды.
Қазір А лигасында Qazaqstan-Qazsport, Хабар, Қазмедиа бір-бірімен шамалас тұр. Ал төртінші орындағы Aiqyn-Литер көш басындағы командадан 12 ұпай қалып қойған.