Алдымен Қазмедиа мен Aiqyn-Литер кездесті. Өткен матчта үш ойыншысы алаңнан қуылған Aiqyn-Литер-ге оңай болған жоқ. Бұған дейін қосалқы құрамда отырғандар алаңға шықты. Оның үстіне, денсаулығына байланысты Әлішер Мұқажан да ойындарға келе алмай жүр.
Соған қарамастан бірінші таймда газет командасы қарсыласқа біраз тойтарыс берген. Тіпті, гол да соққан. Үзіліске командалар 1:1 есебімен тең тарқасты.
Ал екінші кезеңде Қазмедианы ұстау қиынға түсті. Әсіресе, Батырбек Қазыбек хет-трик жасап, ерекше ойынымен көзге түсті. Команда лидері Құмарбек Азат та қарап қалмады. Сол секілді Нұрбол Тұрсынбаев пен Марғұлан Ибраев та бір-бір голдан соқты.
Aiqyn-Литердің жалғыз голының авторы – осыған дейін қақпаға тұрған Әнуар Қарбозов. Қорытынды есеп – 6:1.
Хабар да үш ұпайға оңай қол жеткізді. Қақпашы Айбек Қабылшаның жоқтығын Зухраб Отаров білдіртпеуге тырысты. Бұл ойын 4.0 есебімен аяқталды.
Хабар сапынан 4 адам бір-бір голмен көзге түсті. Олар: Нұршапағат Несіпбаев, Қолғанат Салин, Ержан Жүніс, Шыңғыс Ерғалиев.
Сол секілді Qazaqstan-Qazsport та қарсыласын аямады. Nat Geo Qazaqstan командасымен кездесіп, 6 гол соқты. Әлішер Келгенбай мен Эльдар Аманбаев дубль жасаса, Қуат Шайсұлтанов пен Ратмир Әубәкірге бір-бір голдан тиесілі.
Бірінші айналымның қорытындысы бойынша Qazaqstan-Qazsport пен Хабар 13 ұпаймен бірінші орында тұр. Ал Қазмедиа 5 ойынның екеуінде жеңіліп, үштікті қорытындылады (9 ұпай).