Турдың орталық ойынын Qazsport пен Қазмедиа кездесті. Алғашқысы маусымның басында-ақ тек чемпиондық үшін келгендерін мәлімдеген. Ал Қазмедиа Бердіқұлов кубогынан кейін ерекше шабыттанып жүр. Оның үстіне бұл турда команданың көшбасшыларының барлығы қатарға қосылды. Тек қақпашы Саят Сабырбаев ғана болған жоқ.
Бірінші тайм тең дәрежеде өткен. Тек соңғы минуттарда Qazsport шабуылшысы Әлішер Келгенбай жеке шеберлігінің арқасында командасын алға шығарды. Бұл гол Қазмедиаға ауыр соққан секілді. Үзілістен кейін естерін жия алмай қалды. Оның үстіне төрешінің белгілеген пенальтиі де жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Бұл турда Әлішер Келгенбай хет-триктің авторы атанса, бір голды капитан Эльдар Аманбаев соқты. Ол шалқалап теуіп кіргізді. Әрине, қақпашының қателігін тиімді пайдаланды. Қорытынды есеп – 4:0.
Матчта сары қағаз өте көп болды. Qazsport сапынан 6, Қазмедиадан 2 ойыншыға ескерту берілді.
Спорттық арнамен бірге көш басында келе жатқан Хабар әупірімдеп жүріп, Aiqyn-Литер командасынан басым түсті. Матч екі команда үшін де оңайға соққан жоқ.
Хабардың қақпашысы Айбек Қабылша денсаулығына байланысты кездесуге қатыса алмады. Сондай-ақ 33+ санатындағы ойыншылар Зухраб Отаров пен Мұхтар Ыбырайым да келмеді. Сондықтан 40 минут Ержан Жүніс алаңда ойнап шықты. Қақпаны Аят Дүйсембаев қорғады. Aiqyn-Литер сапынан Әлішер Мұқажан болмады.
Есепті 3-минутта Хабар капитаны Шыңғыс Ерғалиев ашқан. Бірақ газет жігіттері тез есін жинады. Жарқын Тілеухор арада екі минут өткенде таразы басын теңестірді. Одан кейін Ерсұлтан Кәріпбай айып соққысынан дәлдік танытып, командасын алға шығарды. Күтпеген жерден қарсыластың осылай алға шығып кетуі командаға ауыр соқты. Үзіліске дейін олар қанша тырысқанымен, таблоға өзгеріс енгізе алмады. Бірінші тайм осылай аяқталды.
Ал екінші кезеңде Кәріпбай жоқ жерден қателесіп, Бақытжан Масақовқа допты беріп қойды. Өз кезегінде Хабардың 11-нөмірлі ойыншысы қақпашымен бірге-бір шығып мүлт кетпеді. Бұдан соң, Масақовты тоқтату мүмкін болмады. Қатарынан үш гол соғып, хет-трик жасады.
Aiqyn-Литер ойыншылары төрешіге қарсы сөз айтамыз деп, біріннен соң бірі алаңнан қуыла бастады. Сөйтіп, матчтан үш ойыншысы кетті. Сондай-ақ тағы екі ойыншысы сары қағаз алды.
Қорытынды есеп – 4:2 Хабардың пайдасына.
Сонымен қатар Nat Geo Qazaqstan мен Хабар 24 кездескен. Екі команданың жаңа маусымға дайындығы жоғары деңгейде болмай тұр. Маусымның бастапқы 4-туры екі команда үшін де аса сәтті өтті дей алмаймыз. Бұл ойында екі команда тең түсті.
Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталса, екінші кезеңде Бекзат Сайназар мен Шыңғыс Мұса мергендік танытып, матч 1:1 есебімен аяқталды.