Биылғы Журналистер кубогы Қазақстан премьер-лигасының кубогының схемасына ұқсас. Алдымен командалар топ-топқа бөлінген. Төрт топта 3 командадан бар. Плей-оффқа әр топтан екі командадан өтеді.
Екі турда қатарынан жеңіске Aiqyn-Литер командасы бірінші орынмен ширек финалға жолдама алды. Всеволд Хванның командаластары бұл жолы NatGeo Qazaqstan командасынан басым түсті. Бірінші тайм тең аяқталған. Екінші кезеңде Айқын сапынан Дарын Шеңгелбай айып соққысын сәтті орындап, командасын алға шығарды. Ал NatGeo қанша тырысқанымен, таразы басын теңестіре алмай қиналды. Өйткені алдыңғы шепте гол соғатын ешкім жоқ. Команданың негізгі шабуылшылары бұл ойынға келе алмаған. Сөйтіп, жүргенде қорғаныста қателіктер жасап, қақпаларына тек гол жіберіп алды. Әйтеуір ойын соңында пенальтиден бір гол кіргізді. Бірақ одан әріге шамалары жеткен жоқ.
Aiqyn-Литер ширек финалға өтсе, NatGeo Qazaqstan келесі турда Aiqap-пен кездеседі. Бұл ойында жеңіске жеткен команда екінші орынмен плей-оффқа жолдама алады.
Ал Metaratings.kz бірінші болып, кубок жолындағы жарыстан шығып қалды. Олар екі мықтымен бір топқа түскен. Бірінші ойында Хабарға қарсы қайрат көресете алмаса, бұл жолы Қазмедиамен біраз тіресіп бақты. Бердіқұлов турнирінен кейін Қазмедиа ойыншыларының өздеріне деген сенімділіктері артқан. Алаңда бір-бірімен дауласуды да азайтқан. Команда лидері Құмарбек Азат 2 гол соғып, Қазмедианың келесі кезеңге жолдама алуына өз үлесін қосты. Енді олар үшінші турда Хабармен жолығып, топтағы бірінші орынға таласады.
Сонымен қатар кубок жолындағы жарыстағы Kazaknews.kz пен Еуразия+Орт шығып қалды. Алғашқысы бұған дейін Хабар 24-ке есе жіберсе, осы жолы Qsport-тан жеңілді.
Ал Еуразия+Орт бір адамға кем ойнап, Qazsport-тан ойсырай ұтылды. Қорытынды есеп – 0:11. Бұған дейн олар 7 арнадан ұтылған. Сондықтан жарыспен қоштасады.
Осылайша, ширек финалға Хабар, Қазмедиа, Aiqyn-Литер, Qsport, Хабар 24, Qazsport, 7 арна жолдама алып үлгерді.
Енді сегізінші жолдаманың тағдыры NatGeo Qazaqstan мен Aiqap арасында шешіледі