Бұған дейін чемпион атанған және жүлделі болған командалар туралы жазғанбыз. Бүгін әрбір позиция бойынша үздік атанғандарды таныстырмақшымыз.
Команда капитандарының дауыс беруінің қорытындысы бойынша Хабар командасының ойыншысы Сәкен Сейітханұлы үздік ойыншы әрі үздік шабуылшы атанды.
Хабардың тағы бір өкілі Шаһмұрат Еспаев үздік тосқауыл қоюушы номинациясын жеңіп алды.
Чемпион атанған Қазақпарат командасының мүшесі Сырым Рахымбеков пас берушілердің арасында ең көп дауысты жинады.
Ереже бойынша әр команда құрамында кемінде екі қыз ойнау керек болған. Биыл Qazaqstan TV командасының капитаны Әсел Әбілбекова тең келетін ешкім табылмады. Сондықтан әйелдер арасындағы ең үздік ойыншы болды.
Сондай-ақ регламентте тағы бір ереже бар. Яғни 40 жастан асқан бір ардагер ойыншы міндетті түрде алаңда болу керек. Бұл номинация Qazaqstan TV командасының ойыншысы, Abai TV арнасының директоры Азамат Кеңесұлына бұйырды.
Биылғы волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған болатын. Финал күні Нұртілеу Иманғалиұлының достары келіп, журналистерден құралған команда мүшелерімен жолдастық кездесу өткізді. Ал Нұртілеу ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Қарлығаш маусымға қатысқан барлық 8 команданың капитанына өзінің арнайы сыйлығын табыстады.