Алғашқы айналымның орталық ойыны тартысқа толы болды. Бірінші таймда Qazsport есепті ашқан. Хабардың қорғаушысы Бақытжан Масақов абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Дегенмен БАҚ лиганың 7 дүркін чемпиондары таразы басын теңестіруге тырысты. Сондай шабуылдардың бірінде команда капитаны Шыңғыс Ерғалиев әріптесі Асқар Хамиденге ұтымды пас шығарып берді. Шабуылшы мүлт кеткен жоқ.
Ал екінші кезеңде Хабар жеңіске бір табан жақын болған. Қарымта шабуыл кезінде сол қапталдан сытылып шыққан Бақытжан Масақов айып алаңында бос тұрған Ерғалиевтің допты аяғына салып берді. Капитан қателеспеді. Осыдан соң, 2:1 есебімен Хабар алған шыққан.
Qazsport матчтың соңғы минуттарында жан ұшыра қимылдады. Тіпті, қақпашыны алып тастап, Жандос Манашевты алтыншы ойыншы ретінде ойнатты. Бұл тактика өз жемісін берді. Айып алаңындағы қарбалас кезінде Ратмир Әубәкір таразы басын теңестірген. Бұған Хабар қақпашысы Айбек Қабылша келіскен жоқ. Ол гол соғар алдында Ермек Төрениязовтың тәртіп бұзғанын матчтың бас төрешісіне айтқан. Алайда рефери керсінше қақпашыға сары қағаз көрсетті. Одан кейін кезекті допқа таласта Qazsport шабуылшысы Әлішер Келгенбай Шыңғыс Ерғалиевке күрес әдістерін ппйдаланған. Бұл жағдай онсыз да эмоцияға беріліп тұрған Хабардың ашуын келтірді. Төреші Нұрсұлтан Құрман мен Асқар Хамиденге қызыл қағаз көрсетті.
Шыны керек, кездесудің соңғы минуттарының осылай аяқталуына қазылардың да қатысы бар. Олар ойынды өз қолдарынан шығарып алды.
Ал қалған екі матчқа тоқталсақ, Aiqyn-Литер А лигасындағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Хабар-24 командасымен кездескен газет командасы 4:3 есебімен басым түсті. Aiqyn-Литер ойынның басында қарсыластың қателігін тиімді пайдаланып, 4 гол соққан. Телеарна жігіттерінің таразы басын теңестіруге мүмкіндіктері болған еді. Алайда сәл уақыт жетпей қалды.
Сол секілді Қазмедиа Nat GeoQaz командасынан 3:2 есебімен басым түсті. Асқар Мұхтаров дублі командасына жеңіс әкелді.
Үш турдан кейін 7 ұпай жинаған Qazsport пен Хабар 1-2 орынды өзара бөлісіп тұр. Үшіші орынға 6 ұпайы бар Қазмедиа жайғасты.