Өткен аптада плей-офф бәсекелерінің нәтижесі бойынша үздік 4 команда анықталған.
Хабар 3 партияның қорытындысы бойынша Қазмедианы жеңсе, Қазақпарат 2 бап. Цензурадан басым түсті. Ал Qazaqstan TV Atameken business арнасының ұжымынан оңай айласын асырды. Ал 7 арна мен Qazaq radiolary арасындағы тартыста соңғысының бағы жанған.
Енді ертең Хабар Qazaq radiolary командасының әуселесін байқап көрмек. Маусым басында қарсыластарына жиі есе жіберіп жүрген радиолықтар соңғы кездері естерін жинап үлгерді. Оның үстіне, Әлішер Келгенбай қосылды. Оның келуімен де біраз күшейді. Ал Хабар әзірге еш командадан ұтылған емес. Сондықтан ойын қызықты болары сөзсіз.
Екінші жартылай финалдың жұбында Қазақпарат пен Qazaqstan TV жолығады. Жүйелі чемпионатта ақпараттық агенттік екі партияда үстем болған. Сондықтан телерадио корпорпациясының командасы осы жолы жолы аянып қалмасы анық. Олар есе қайтаруды көздейді. Оған Қазақпарат көне ме? Мұның жауабын ертеңгі ойыннан білеміз.
Сонымен қатар Atameken business мен Қазақпарат 2 бап. Цензура және 7 арна мен Қазмедиа командалары 5-8 орындарға таласады.
Естеріңізге сала кетейік, волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналады. Маусымның басты қолдаушылары – «Qazaqstan» телерадио корпорациясы мен ҚР Туризм және спорт индустриясын дамыту қоры.