Алғашқы турда Qazsport пен Хабар қарсыластарын жеңіп, 3 ұпайдан еншілесе, Nat Geo мен Aiqyn-Литер өзара тең түсті.
Aiqyn-Литер Бақ лигаға осымен төртінші маусым қатысып жатыр. Бұл жолы команда А лигасына жолдама алды. Әзірге дебюттері жаман емес. Бірінші турда Nat Geo-дан бір ұпай еншіледі.
Негізі екі команданың да гол соғатын мүмкіндіктері болған. Бірақ ешқайсысы өз мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ. Бірде қақпашылар шеберлік танытса, енді бір шабуылшылар қатесіп жатты. Сөйтіп, кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Жазғы маусымға ерекше құлшыныспен келген Qazsport бірінші турда Хабар 24 командасын аяған жоқ. Алғашқы минуттан есеп ашып, көзге түскен Әлішер Келгенбай покердің авторы атанса, бір голды Едіге Ержан соқты.
Qazsport жаңа маусымға тек чемпиондық үшін келгендерін айтып отыр. Құрамдарын да әжептеуір күшейтіп алған. Ал Хабар 24-тің дайындықтары аз секілді көрінді. Алаңда бір-бірін түсінбей жатты.
Жеті дүркін чемпион Хабар мен Қазмедиамен кездесті. Биыл Хабарда өзгеріс көп. Үздік сұрмерген Нұрсұлтан Қабылбек пен Бимұхамед Букеев регламентке байланысты биыл қатыспады. Ал жаңадан қосылған ойыншыларға әлі уақыт керек секілді…
Бірінші турда команда жетекшісі Нұрсұлтан Құрман ойнамады. Дегенмен , осындай себептерге қарамастан Қазмедиа ең болмаса бір ұпай еншілей алмады. Бұл команда сапында Құмарбек Азат та регламентке байланысты әзірге алаңға шықпайды. Қазмедиаға жаңадан қосылғандар қатарында Астана ойыншысы Еркін Бектенов бар.
Матчта Қазмедиа екі рет алға шыққан. Алайда бұл есепті ұстап тұра алмады. Жаңа маусымда Хабарға капитан болып сайланған Шыңғыс Ерғалиев команданы алға сүйреуге дайын екенін байқатып, 2 гол соқты. Сол секілді Қолғанат Салин мен Ернұр Жәмел бір-бір доптан кіргізді. Қарсылас сапынан Нұрбол Тұрсынбаев пен Қанат Такиров көзге түсті. Қорытынды есеп – 4:2.