Жаңа маусымда біраз өзгеріс бар. Мысалы, Aiqyn-Литер алғаш рет А лигасында ойнап жатыр. В лигасына 7 арна мен Aiqap командалары қосылған.
Сонымен В лигасының ойындарына тоқталсақ, тоғызыншы маусымның шымылдығын 7 арна мен Еуразия+Орт ашты.
Бұрын-сонды журналистер арасындағы мұндай жарыстарға қатыса қоймайтын 7 арна биыл ерекше белсенді. Бақ лигаға волейбол мен футболдан қатар команда қосты. Футбол командасының негізгі құрамы Qazaq radiolary мен Елорда ақпаратта ойнаған жігіттерден жасақталған. Олар алғашқы турда Еуразия+Орт командасын аса қиналмай жеңді. Бұл ойында Санжар Кеңес дубль жасаса, бір голды Қуаныш Жылжақсынов соқты.
В лигасында чемпион атанудан биыл Qsport та дәмелі. Қысқы маусымдағы сәтсіздіктен кейін құрамдарын әжептеуір күшейтіп алыпты. Қазмедианың қақпасын күзеткен Мансұр Сыздықбаев енді Qsport-та. Жандос Манашевтің інісі Елдос Манашев пен былтыр Qazaq radiolary сапында өнер көрсеткен Бекболат Кәрібай да қосылған. Оның екі ағасы осы команда қатарында ойнайтынын еске сала кетейік.
Олардың бірінші турдағы қарсыласы Kazaknews болды. Бұл ұжымда аса қатты өзгеріс жоқ. Жаңадан тек Еркін Шәкір мен Нұржан Садырбаев қосылған. Алғашқысы Ташкентте жүргендіктен бірінші турға келе алмады.
Qsport бірінші турда-ақ маусымға ерекше дайындықпен келгенін байқатты. Ержан Қожабеков дубль жаса, Елдос Манашев, Бекболат Кәрібай, Бекзат Дәрібаев бір-бір голдан соқты. Қорытынды есеп – 5:0.
В лигасының соңғы ойынында Metaraings.kz пен жаңадан құрылған Aiqap кездесті. Бұл жұпта спорттық сайт командасы фаворит болғанымен, ойында аса қатты мықтылықтары байқала қоймады. Көптеген қателік жіберді. Тіпті, есепті де Aiqap ашқан. Бірақ кейін қақпашысы Қабиден Қуанышбайұлының қателігінен кейін гол жіберіп алды. Бұл ойында 3:2 есебімен Metaratings.kz жеңіске жетті. Алайда алғашқы үштікке кіруді көздесе, ойындарын жақсарта түсулері тиіс.