Алғашқы маусымға қатысып жатқан 8 команда жүйелі чемпионаттағы орындарына сәйкес, бір-бірімен кездесіп шықты.
Әуелі Хабар мен Қазмедианың ойынына куә болдық. Чемпионатты бірінші орынмен аяқтаған телеарна командасы бұл кездесуді сылбыр бастады. Бәлкім, қарсыласты менсінбей шықты ма? Бір қызығы, алғашқы партияда ұтылып қалды. Есеп – 21:25. Әйтеуір екінші партияда естерін жинады. Бұл жолы Хабар 25:22 есебімен жеңді. Ал үшінші партияда Қазмедианың шамасы жетпеді. Шеберлігі жоғары Хабар жеңісті жұлып алды.
Одан кейін Қазақпарат пен 2 бап. Цензура кездесті. Бұл командалар жүйелі чемпионатта тиісінше екінші және жетінші орынды алған. Өткен аптада Qazaq radiolary командасын жеңіп кеткен соң, 2 бап. Цензура осы жолы да үмітпен келген тәрізді. Команда қатарына Эльдар Аманбаев та қосылды. Бірақ Қазақпарат қарсыласқа мүмкіндік берген жоқ. Екі партияның қорытындысы бойынша жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдам алды. 2 бап. Цензура енді 5-8 орындарға таласады.
Ширек финалдың үшінші жұбында Qazaqstan TV мен Atameken business жолықты. Өкінішке қарай, көпшілік күткендей тартысты ойын болмады. Qazaqstan TV екі партияда оңай ұтты. Қарсылас сапынан ойынға Әнуар Кәрібазов келе алмаған еді. Оның жоқтығы қатты білінді.
Бүгінгі ең қызықты ойын 7 арна мен Qazaq radiolary арасында өрбіді. Радио өткен аптада 2 бап. Цензураға есе жіберген соң, осы жолы жинақталып келіпті. Команда Әлішер Келгенбай қосылған. Футболдағыдай болмаса да, Әлішердің бұл жақта да пайдасы тиді.
Бірінші партия тартысты өтті. 7 арна соңғы сәтте қателесіп, 25:27 есебімен ұтылды. Ал екінші партияда радмо тізгінді толықтай алып, келесі кезеңнің жолдамасын ертерек шешті.
Осылайша, жартылай финалға шыққан төрт команда анықталды. Келесі аптада Хабар мен Qazaq radiolary және Қазақпарат пен Qazaqstan TV өзара кездеседі. Бұл ойындарда болашақ финалистер анықталды. Ал қалған 4 команда 5-8 орындарға таласады.
Естеріңізге сала кетейік, волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналады. Маусымның басты қолдаушылары – «Qazaqstan» телерадио корпорациясы мен ҚР Туризм және спорт индустриясын дамыту қоры.