BAQ liga-ның алғашқы маусымына қатысушы 8 команда бір-бірімен кездесіп шықты. Бүгін 7-тур ойындары өтті. Осы турда 2-бап. Цензура алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Олар трансферде командаға жаңа ойыншылар алған. Соның бірі – Назар Найзабекұлы. Футболдан BAQ liga-ның екі маусымында үздік қорғаушы атанған Назар волейболға келіпті. Әрі өзінің әріптестері Qazaq radiolary-ын жеңуге үлесін қосты. Бұл матчта 2-бап. Цензура қарсыласынан 2 партияда 25:22, 25:19 есебімен басым түсті.
Осы аптада 7 арнаның да қарқыны қатты. Кеше Atameken business командасын оңай жеңген. Бұл жолы Қазмедианы қарсылас көрген жоқ. Екі партияда 25:18, 25:15 есебімен жеңіп, үш ұпайды қалтаға басты.
Қазақпарат соңғы екі ойынды да үш партия ойнауға мәжбүр болды. Дегенмен шешуші кезеңдерде табандылық танытып, 2 ойында 4 еншіледі. Кеше Қазмедиадан бірінші партияда ұтылып, келесі екі партияны өз пайдаларына шешкен. Бүгін олар Atameken business арнасының командасымен жолықты. Бірінші кезеңді 25:15 есебімен оңай ұтқан. Екінші партияда өздері қалағандай өтіп жатқан. Есеп 21:12-ге жеткенде, қосалқы құрамда отырған ойыншыларын шығарған. Бірден бірнеше ойыншы ауыстыру хаосқа әкелді. Мұны Atameken business тиімді пайдаланды. Екінші кезеңді 29:27 есебімен жеңді. Сосын үш партияны да сәтті бастаған. Алайда кейін Қазақпарат естерін жинап, үшінші партияда 15:10 есебімен басым түсті.
Маусымның ең маңызды ойындарының бірі Хабар мен Qazaqstan TV арасында өтті. Бір-біріне припинцалды қарсыластар. Екі мемлекеттік арна да өздерін үздік санайды. Қандай бәсекеден болсын бір-бірінен жеңілгенді, есе жібергенді жақсы көрмейді. Оның үстіне Qazaqstan TV әріптестерін жинап әкеліп, жанкүйерлік қолдауды күшейтті. Соған сай ойында тартысты өтті. Есепте алма-кезек ауысып тұрды. Біресе Хабар, біресе Qazaqstan TV алға шығып отырды. Дегенмен соңғы соққыларды сәтті орындай білген Хабар екі партияда жеңіске жетті (26:24, 25:22). Сөйтіп, жүйелі чемпионатты бірінші орынмен аяқтады.
Енді келесі аптада плей-офф басталады. Сегіз команда алған орындарына байланысты жұпталып, жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.