Біріншілік енді ширай бастады. Бұл жолы бесінші турдағы 4 ойынның үшеуі үш партияға дейін жалғасты.
Алдымен 2-бап. Цензура мен Қазмедиа командалары кездескен. Екеуі де осыған дейін бірде-бір ұпай алмаған. Бір-бірімен шамалас екі ұжым жеңісті оңайшылықпен бермеуге тырысты. Кеше футболға барып, волейболға келе алмаған Цензура командасының ойыншылары Ғани Нүсіпов пен Дания Абдилова бүгін сапқа қосылды.
Бірінші партия Қазмедианың пайдасына шешілді. Ал екінші кезеңде 2-бап. Цензура есе қайтарды. Шешуші партия тіптен тартысты өтті. Есеп 19:17-ге дейін жалғасты. Жеңіске жеткен Қазмедиа болды (25:19, 25:20, 19:17).
Одан кейін паркетке Хабар мен Қазақпарат көтерілді. Бұл осы турдың орталық ойыны. Қазақпарат кеше Qazaqstan TV арнасын жеңген. Сондықтан матчқа жақсы көңіл күймен келді. Оның үстіне егер осы кездесуде қарсыласынан басым түссе, бірінші орынға шығар еді. Басында бәрі олардың жоспарымен өтіп жатқан. Бірінші партияны тым оңай жеңді. Есеп – 25:16. Хабардың лидері Сәкен Сейітхан мен Жасқанат Аманжолов жиі қателескенін байқадық. Сәкеннің ойыны жүрмесе, Хабардың ойыны сыр беретіні байқалып қалды.
Екінші партия да портал жігіттерінің қалағанындай басталған. Тіпті, есеп 21:14-ке жеткенде бәрі біткендей көрінген. Жоқ, Хабарда мінез бар екен. Қажет кезде тайм аут алып естерін жинап үлгерді. Қатарынан 4 ұпай еншілеп, есеп айырмасын қысқартқанда Қазақпараттың кейбір ойыншылары абдырап қалды. Одан кейін телеарна командасын тоқтату мүмкін болмады. Сөйтіп, екінші кезеңді 25:23 есебімен өз пайдаларына шешті.
Ал үшінші партияда Қазақпараттың шаршап қалғаны, эмоцияның да біткені байқалды. Командаға тың күш, мінездің де жетіспейтінін көрдік. Бұл партия 15:6 есебімен аяқталды.
Осылайша, Хабар камбэк жасап, бесінші жеңістерін қол жеткізді.
Қазақпаратта жоқ мінез, рух Жетінші арнада бар екен. Олар осымен екінші ойын бірінші партияда ұтылса да, жеңісті жұлып алды. Бұған дейін бірінші турда Қазақпаратқа қарсы камбэк жасағаны бар. Осы жолы дәл солай Qazaq radiolary-нан басым түсті. Бірінші кезеңді радиолықтар 25:19 есебімен өз пайдаларына шешкен. Екінші және үш партияда 7 арна белсеніп, 2 ұпайға қол жеткізді (25:21, 16:14).
Бесінші турды Qazaqstan TV мен Atameken business арналарының командасы қорытындылады. Ұлттық арна үшін кешегі Қазақпараттан жеңіліске оңай соқпаған еді. Оны матчтан кейін ойыншыларының өздері айтқан. Сондықтан бүгін барынша дайындалып келіпті.
Atameken business командасына трансферде бір-екінші жаңа ойыншы қажет-ау. Жоқ жерден болмашы қателіктерді жиі жібереді. Бірінші партияда 24:23 есебімен алда тұрған кезде басымдықты беріп қойды.
Екінші кезеңді де тәуір бастаған. Алғашқы алты ұпайға дейін жақсы ойнады. Содан кейін мүлдем өзгеріп кетті. Qazaqstan TV қарсыластың қателігін тиімді пайдаланып, екі партияның қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 27:25, 25:14.
Естеріңізге сала кетейік, волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналады. Маусымның басты қолдаушылары – «Qazaqstan» телерадио корпорациясы мен ҚР Туризм және спорт индустриясын дамыту қоры.