Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінде өтіп жатқан лиганың төртінші туры 2-бап. Цензура және Atameken business командалары арасындағы кездесумен басталды.
2-бап. Цензура сапынан бұл жолы Ғани Нүсіпов, Жарқын Жұмаділов, Дания Абдилова секілді негізгі құрамның ойыншылары болған жоқ. Ал Эльдар Аманбаев жарақат алған. Матчқа тұп-тура 6 адам келген. Қосалқы құрамда ешкім отырмады.
Ал Atameken business арна директоры Қанат Сахарияның жоқтығын білдіртпей, қарсыласты 2 партияда оңай жеңді. Қорытынды есеп – 25:5, 25:16.
Осы турдың орталық матчы Qazaqstan TV мен Қазақпарат арасында өтті. Турнир кестесінде екінші және үшінші орында тұрған екі команда көпшілік күткендей ойын көрсетті. Екеуі де оңайшылықпен жеңілгісі жоқ. Оның үстіне телерана командасын Нағи Бақытбеков жігерлендіріп тұрса, ақпараттық порталдың өкілдерін Алтынбек Құмырзақ «Құдай үшін ойнандаршы» деп қамшылаумен болды.
Жан алысып, жан беріскен матчта психологиялық тұрғыдан ұстамдылық танытып, аз қателік жіберген Қазақпарат 2 партияның нәтижесі бойынша үш ұпайға қол жеткізді. Қорытынды есеп – 25:23, 25:19.
Сөйтіп, Қазақпарат турнир кестесінде 10 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Қазақстан 9 ұпаймен әзірге үшінші орында тұр. Ертең оларды Atameken business командасы күтіп тұр.
Одан кейін Хабар мен 7 арна жолыққан. Жаңа басшылық, жаңа форматқа көшіп жатқан 7 арнаның волейболдағы ойыншыларын қолдаушылар да көп екен. Хабармен кездесуде жанкүйерлерінің қолдауы ерекше сезіліп тұрды. Дегенмен осы маусымға барлық жағынан тыңғылықты дайындалып келген Хабар командасы керек кезде жылдамдықты қосып, сенімді түрде жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 15:25, 20:25 Хабардың пайдасына.
Турдың соңғы кездесуі Qazaq radiolary мен Қазмедиа арасында өрбіді. 2-бап. Цензура секілді Қазмедиада әр тур сайын жеңілістен көз ашпай жүр. Қанат Такиров, Мағжан Төлеуовтерге футболдан кейін волейбол қиынға соғып жүрген тәрізді. Трансферлік терезе ашылған кезде команда жаңа ойыншылар қоспаса қиын.
Есесіне, Qazaq radiolary еңсесін тікеп келеді. Команда біртіңдеп ұпай жинай бастады. Олар осы матчты 2 партияда жеңді. Қорытынды есеп –25:17, 25:23.
Ертең 5-турдың ойындары өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналады. Маусымның басты қолдаушылары – «Qazaqstan» телерадио корпорациясы мен ҚР Туризм және спорт индустриясын дамыту қоры.