Сенбінің таңында 2-турдың шымылдығын Қазмедиа мен Qazaqstan TV ашты. Телеарна командасы алғашқы маусымның басты фавориттерінің бірі. Осы жолы партияда да салқынқандылық танытып, кезекті үш ұпайларын қол жеткізді. Қорытынды есеп – 25:18, 25:18.
2-бап. Цензура командасы әзірге ешкімге қауқар көрсете алар емес. Екінші турда олар 7 арнадан жеңілді.
Осы апта Қазақпарат ұжымы үшін сәтті өтті. Сенбі күні олар Qazaq radiolary-нан екі партияда айлаларын асырып кетті.
Есесіне, Atameken business үшін өткен апта ауырға соқты. Арна басшысы Қанат Сахария мырзаның өзі келіп ойнаса да, екі тур қатарынан ұтылды. Алдымен екінші турда турнирдің тағы бір фавориттерінің бірі Хабарға есе жіберді.
Енді үшінші турға тоқталсақ, Qazaq radiolary мен Atameken business арасындағы ойын тартысты өрбіді.
Бірінші партияны Atameken business өз пайдаларына шешкен. Бірақ екінші кезеңде жоқ жерден қателесіп , 23:25 есебімен қарсыласқа жол беріп қойды. Ал үшінші партияда эмоцианалдық тұрғыдан жинақтала алмады. Сөйтіп, Qazaq radiolary алғашқы жеңістеріне қол жеткізді.
Қазақпарат үшінші турда 2-бап. Цензура командасын оңай жеңіп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Негізі бұл матчқа 2-бап. Цензура жақсы құраммен келген еді. Qazsport арнасының комментаторы, ұзын бойлы Эльдар Аманбаевты, футбол мен волейболды да шебер ойнайтын Дания Абдилованы да шақырған.
Дегенмен соған қарамастан Қазақпарат екі партияда да үстемдік танытып, 25:17, 25:12 есебімен жеңіске жетті. Қазақпарат сапынан белгілі видеоператор Мақсат Рысбеков ойынның соңғы бөлігінде алаңға шығып, матчтың нүктесін қойды.
Қазмедиа мен Хабар кездесуі де негізі қызықты өтті. Бірінші партияда Сәкен Сейітхан бастаған жігіттер қарсыласқа еш мүмкіндік бермей, 25:7 есебімен жеңген. Осыдан кейін еркінсіп кетті ме, әлде қарсылас намысқа тырысты ма, екінші партия мүлдем басқаша өрбіді.
Ұзақ уақыт бойы Қазмедиа есепте алда тұрды, тіпті жеңіске жақын болған. Алайда соңғы сәтте жиі қателесіп, қарсыласқа үш ұпайды ұстата салды. Екінші партия 27:25 есебімен аяқталды.
Qazaqstan TV арнасы үшін осы маусымдағы алғашқы қауіпті сынақ сәтті аяқталды. Бірінші және екінші турда кездескен командалармен салыстырғанда, 7 арнаның деңгейі жоғары болатын. Ойын да тартысты өтті. Qazaqstan TV тек аздаған басымдықпен ғана жеңіске жете алды.
Сөйтіп, Хабармен бірге үздіктер қатарында тұр. Алғашқы үш турдың қорытындысы бойынша 9 ұпайдан жинаған Qazaqstan TV мен Хабар 1-2 орынды өзара бөліссе, үздік үштікте Қазақпарат бар.
2-тур. (22.05.2021 ж)
Қазмедиа – Qazaqstan TV – 0:2 (25:18, 25:18);
2-бап. Цензура – 7 арна – 0:2 (12:25, 19:25);
Қазақпарат – Qazaq radiolary – 2:0 (25:18, 25:21);
Хабар – Atameken business – 2:0 (25:18, 25:19).
3-тур. (23.05.2021 ж)
Qazaq radiolary – Atameken business – 2:1 (21:25, 25:23, 15:13);
Қазақпарат – 2-бап. Цензура – 2:0 (25:17, 25:12);
Қазмедиа – Хабар – 0:2 (7:25, 25:27);
Qazaqstan TV – 7 арна – 2:0 (25:21,
25:23).
Естеріңізге сала кетейік, волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналады. Маусымның басты қолдаушылары – «Qazaqstan» телерадио корпорациясы мен ҚР Туризм және спорт индустриясын дамыту қоры.