Қақпашы – Айбек ҚАБЫЛША (Хабар)
14-турдың орталық ойыны – Хабар мен Qazaq radiolary арасында өтті. Қарсыласқа қарағанда мотивациясы жоғары Хабар үш ұпайға қол жеткізіп, чемпиондықтың тағдырын соңғы турға шегерді. Бұл матчтың үздік ойыншыларының бірі деп, Хабар қақпашысы Айбек Қабылшаны толық айтуға болады. Ол осы матчта Руслан Тәуіршенің 6 метрден тепкен пенальтиін қайтарды. Сонымен қатар тағы бірнеше қауіпті соққыны тойтарды. Тек Бекболат Кәрібайдың айып соққысын өткізіп алғаны болмаса, қалған сәттің барлығында сенімді ойнады.
Қорғаушылар – Ғалым МЕРКІБАЙ (Хабар), Нариман АМАНЖОЛ (Nat Geo)
Алматыдан келген Ғалым Меркібай дрибилинг көрсетіп, топырлатып гол соғатын ойыншылардың қатарынан емес екен. Бірақ командалық ойын кезінде пайдасы мол екенін байқатты. Әсіресе, қарсыластың шабуылына блок қою, жаңа шабуыл ұйымдастыру жағынан деңгейі жоғары екені байқалып тұрды. Хабардың осы матчта жеңіске жетуіне Ғалымның қосқан үлесі зор.
Nat Geo бұл турда қиналды деп айта алмаймыз. Маусымның дебютанты Foliant қақпасына алты гол соқты. Оның екеуі трансферде командаға қосылған қорғаушы Нариман Аманжолға тиесілі. Нариман келе сала командасының көшбасшыларының біріне айналып үлгерді. Осы күні Nat Geo-ның ойынын жүргізетін ойыншы 12-нөмірлі Нариман Аманжол болып тұр.
Шабуылшылар – Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар), Николай КРУЖАЛЬСКИЙ (ДИиК МО РК)
Негізгі құрамдағы бестіктің үшеуін Хабар ойыншылары құрап отыр. Оған себеп те жоқ емес. Орталық матчта алаңға шыққан кез келген ойыншысы жақсы өнер көрсетті. Шабуыл шебінде өз мүмкіндігін тиімді пайдалана білетін команда капитаны Нұрсұлтан Қабылбекті ерекше айтуға болады. Ұрымтал сәтте мүмкіндігін қалт жібермейтін Қабылбек осы күні 44 голмен мергендер таласында көш бастап тұр.
Аутсайдер командаларға топырлатып гол соғатындардың бірі – Николай Кружальский. Бұған дейін Foliant қақпасына да 9 доп кіргізіп еді, осы жолы Aiqyn-Литер-ді аямады. Әлішер Келгенбай мен Алмас Зиятовтың жоқтығын білдірмей, әрбір шабуылды сәтті аяқтап отырды. Ол сөйтіп, мергендер көшінде Құмарбек Азатты басып озып, екінші голға көтерілді. Еншісінде 31 доп бар.
Резерв
Қақпашы – Мұхтар Тұртаев (Qazaq radiolary);
Қорғаушылар – Төреби Нұрланов (Астана ТВ), Бимұхамед Букеев (Хабар);
Шабуылшылар – Ержан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ (Астана), Алмас Қожагелді (Қазмедиа).