Қорғаныс министрлігінің ДИиК МО РК командасынан жеңілген соң, чемпиондықтан күдер үзген Qazaq radiolary-ның күміс жүлдеден үміті болған. Бірақ 14-турда Хабарға есе жіберген соң, одан да айырылды. Ресми түрде радио жігіттері биылғы маусымның қола жүлдегері атанып отыр. Ұйымдастыру алқасының атынан биылғы жылы 100 жылдығын тойлайтын ұжымның командасын шын жүректен құттықтаймыз!
Осы турдың орталық ойыны Хабар мен Qazaq radiolary арасында өтті. Телеарна командасы бұл кездесуге Алматыдан Ғалым Меркібай есімді ойыншыны шақырыпты. Ол Хабарда өнер көрсететін Бақытжан Масақовпен бірге Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған екен. Команда жетекшілері бірден Ғалымға негізгі құрамнан орын берді. Есесіне, Нұрсұлтан Құрман матчты қосалқы құрамнан бастады.
Бұл матч Хабар командасының қалауымен өтті. Олардың жеңіске деген құштарлығы да жоғары болды. Оның үстіне, өздері қалғандай есепте жылдам ашылды. Небәрі 2-минутта Бақытжан Масақов әріптесі Бимұхамед Букеевтің пасынан кейін мергендігімен көзге түсті. Арада бес минут өткенде лиганың биылғы үздік сұрмергені Нұрсұлтан Қабылбек екінші голды соқты. Ол қарымта шабуыл кезінде Qazaq radiolary-ның қорғаушыларының қателігін тиімді пайдаланып кетті. Негізі радиолықтардың да үзіліске дейін бір гол соғатын мүмкіндігі болған. Хабардағы Шыңғыс Ерғалиев өз айып алаңында Дәурен Жолдасовты шалып құлатқан. Төреші бірден қақпаға пенальти белгіледі. Нүктеге алаңда жүрген ойыншылар емес, қосалқы құрамда отырған Руслан Тәуірше жақындады. Алайда Руслан соққысы жойқын болғанымен, қақпашы Айбек Қабылша жанұшыра қайтарып үлгерді. Мұның бәрі Qazaq radiolary-на психологиялық тұрғыдан оңайға соқпады. Футболда «сен соқпасаң, саған соғады» деген жазылмаған қағида бар. Бұл жолы да сол жүзеге асты. Бірінші таймның соңында Нұрсұлтан Қабылбек матчтағы екінші голына көрімдік сұрады.
Екінші таймда айып соққысынан Бекболат Кәрібай қарсыластың қақпасын тура көздеп, аз да болса интриганы оятқандай болған. Бірақ бұл жолы Хабарды тоқтату мүмкін болмады. Қабылбек хет-триктің авторы атанса, Алматыдан келген Ғалым Меркібай бесінші голды өз атына жазды. Qazaq radiolary қақпашының орнына бесінші ойыншы шығарып, тағы бір гол кіргізді. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді. Қорытынды есеп – 5:2.
Енді Хабар командасы 27 ақпанда ДИиК МО РК командасымен кездеседі. Егер осы ойында жеңіске жетсе, сегіз дүркін чемпион атанады. Ал қарсыласына тең нәтиженің өзі жеткілікті.
Өз кезегінде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Aiqyn-Литер командасын аяған жоқ. Алмас Зиятов пен Әлішер Келгенбай секілді сұрмерген ойыншылар болмаса да, қарсылас қақпасына жауапсыз 16 гол соқты. Аталған екеуі болмаған кезде Николай Кружальскийдың белсеніп кететіні бар. Ол бұл жолы 9 доптың авторы атанды. Сөйтіп, мергендер көшінде Құмарбек Азатты басып озып, екінші орынға көтерілді.
Келесі маусымда А лигасында ойнаудан үмітті Мазмұндама 14-турда Хабар 24 командасынан жеңіліп, күдерлерін біржола үзді. Негізі ойынды сәтті бастаған. Матчтың 7-минутында Әзиз Жұмаәділ есеп ашып, Мазмұндаманы алға шығарған. Бірақ одан кейін Бейімбет Молдағали мен Нұрахмет Бектұрғановтар Хабар 24 командасына жеңіс сыйлады.
Foliant қақпасына жауапсыз 6 гол кіргізген Nat Geo келесі маусымда А лигасында ойнайтын болды. Соңғы кездері Еуразия+Орт ұжымынан да береке кетті. Олар бұл жолы Астанадан оңбай ұтылды. Қос телеарнаның дербиінде Астана ТВ 15-1 есебімен басым түсті.
Құмарбек Азатсыз Қазмедиа Kazaknews-тен үш ұпай еншіледі. Бұл ойында Алмас Қожагелді белсенді. Құмарбектің жоқтығын білдіртпей, хет-триктің авторы атанды.
Турдағы ең қызықты әрі тартысты кездесу Qsport.kz пен Metaratings.kz арасында өтті. Жақында ҚФФ-ның баспасөз қызметінің жетекшісі болған Ермұхамед Мәуленнің өзі келіп, дубль жасады. Ойын 5.5 есебімен тең аяқталды.