Бұған дейінгі маусымдарда Дмитрий Покидаев, Алексей Ефименко, Қанат Базылхан, Азамат Нұрматовтардың оқ бойы озық тұрғаны байқалатын. Биыл ондай ешкім жоқ. Көшбасшылардың сыналатын кезі алдағы үш турда болғалы тұр.
Дегенмен кейбір қақпашыларға тоқтала кеткіміз келеді.
Айбек Қабылша (Хабар)
Айбек биылғы маусымның барлық ойындарына толық қатысып келеді. Өйткені ол 33 жастан асқандар категориясына жатады. Хабарда мұндай статусқа тек ойыншы ие. Сондықтан бұрынғыдан да құны артып отыр. Оның үстіне өзі де тәжірибесі толысып, шеберлігі артқанын байқатуда. Әзірге өрескел қателік жіберген жоқ. Айбектің сыналар сәті алдағы екі ойын. Яғни Qazaq radiolary және ДИиК МО РК командаларымен кездесуде бабы мен бағы байқалатыны анық.
Ербол Кенжебаев (ДИиК МО РК)
Чемпиондықтан басты үміткер ДИиК МО РК командасы осы маусымда қақпашы мәселесін біраз уақыт шеше алмай жүрді. Былтыр В лигасында ойнағанда Нұрлан Тұрапов күзеткен. Ол кезде ереже басқаша болып, қақпашының бесінші ойыншы ретінде артқа паспен алмасуына шектеу жоқ болған. Биыл лига ФИФА бекіткен ережемен өтуде. Сондықтан Нұрлан қақпаға емес, қорғаныста ойнағанды құп көрген секілді. Маусым басында бұл команданың қақпасын біраз ойыншылар күзетіп көрді. Ал соңғы турларда тек Ербол Кенжебаевқа сенім артылып жүргенін байқаудамыз. Бұған дейінгі маусымдарда негізінен алаңда ойнайтын Ербол биыл позициясын ауыстырды. Әзірге қадамы жаман емес. Qazaq radiolary-мен кездесуде бір-екі сейф жасап, өзі де бір гол соқты. Егер Хабармен матчта ерекше көзге түссе, маусымның үздік қақпашысы атанып қалуы да мүмкін.
Әнуар Құрманбаев (NGQ)
Әнуар Құрманбаевтың жақсы қақпашы екенін бұған дейінгі маусымдарда да байқағанбыз. Ал биыл өзінің үздік маусымын өткізіп жатыр десек, артық айтқанымыз емес шығар. Әсіресе, Хабармен кездесуде ерекше шеберлік танытты. Сосын әділетті түрде турдың үздік ойыншысы атанды. Осы маусымда қақпашылардан турдың үздігі атанған жалғыз ойыншы.
Ендеше сегізінші маусымның үздігі атануға Әнуардың да мүмкіндігі жоғары.
Мұхтар Тұртаев (Qazaq radiolary)
Лигадағы ардагер қақпашылардың бірі. Трансферге дейін командасында 33 жас категориясына сай келетін ойыншы болған. Трансферде бұл талапқа сай келетін ойыншылар да және бұрынғы командаласы, қақпашы Әсет Нұрғалиев те оралды. Сөйтіп, осы күні екеуі кезектесіп тұрады. Сондықтан кей кездері баға беру де оңайға соқпай жатады. Мұхтар Тұртаевтың да маусымның үздік қақпашысы атануға үміті бар.
Алексей Ефименко (Астана)
Астана командасы жақсы қақпашылармен келіссөзді сәтті жүргізеді. Бірнеше маусым бұл командада Дмитрий Покидаев болды. Былтыр Алексей Ефименконы қатарға қосты. Ол маусымның үздік қақпашысы атанды. Кейін Ефименко Алматыға қоныс аударғанда Кирилл Пяртельді шақырды. Әрине алғашқы екеуімен салыстырғанда сәл сылбыр ойнады. Трансферде Ефименконың елордаға оралғаны және қайтадан қақпаны күзететінін білдік. Әзірге Ефименко былтырғыдай тұрақты ойын көрсете алмай жатыр. Кейбір матчтарда қателіктері байқалып қалады. Әсіресе Хабармен ойыны әлсіздеу көрінді.
Өзге қақпашыларлан Qazsport-тағы Қуат Шайсұлтанов, Foliant-тағы Талғат Саржанов, Мазмұндамадағы Қанат Базылханды осы тізімге қосуға болады.