Қазақстан мен Түркияның арасын жақындастырып жүрген журналист Доған Йылдыздың Kazaknews.kz сайты журналистер біріншілігіне команда қосқан. Олар биыл осымен үшінші маусым ойнап жатыр.
Бұған дейін бір рет Б, бір рет А лигасында ойнады. Алғашқы маусымдағы жорықтары сәтті болған еді. Б лигасында қола жүлдеге ие болды. Ол кезде Қазмедиа Б командасы чемпион атанса, Sport-1959 күміс жүлдеге қол жеткізген.
Соның арқасында А лигасында ойнады. Бірақ мықтылармен тайталасу оңай соқпады. Турнир кестесінің соңғы жағында қалуға мәжбүр болды.
Биылғы маусымдағы мүмкіндігі
Жазғы үзіліс кезінде Kazaknews.kz алдарына жаңа мақсат қойды. Ойыншылардың деңгейін көтеру үшін Әлішер Келгенбаймен келісті. Ол бапкер ретінде жұмыс істейді. Екі лига біріктірілген соң, команданың жүлдеге таласпайтыны анық еді. Бірақ Kazaknews.kz соған қарамастан біраз мықтыларға қарымды қарсылық көрсетіп үлгерді. Мысалы, бірінші турда ДИиК МО РК оның өзі 25 минут гол соға алмай, біраз әбігерге түсті. Астана командасын жеңіп кетулеріне мүмкіндіктері болған. Тек соңғы минутта екі гол жіберіп алып, 3:3 есебімен тең түсті.
Жалпы осы маусымда Kazaknews.kz үш ойында жеңіске жетті. Атап айтсақ, Еуразия+Орт, Aiqyn+Литер, Metaratings.kz командаларынан басым түсті. Ал қалған ойындардың барлығында жеңілді. Foliant-тың осы маусымдаға алғашқы жеңісіне қол жеткізуге мүмкіндік берген де Kazaknews.kz болатын.
Команда 12 матчтан кейін 10 ұпай жинап, 10 орында тұр. Келесі маусымда В лигасында ойнап, жүлдеге ілігуге толық мүмкіндіктері бар.
Құрамы
Бұл команданың негізігі құрамы аса қатты өзгере қойған жоқ. Бірақ осы маусымда +33 лимиті енгізілгеннен кейін қатты қиналып жүр. Маусымда Төлеубек Қадырмола және Аян Әлімхановты қатарға қосқан. Алғашқысы бірде бар, бірде жоқ. Мысалы, өткен турда Хабармен ойында қақпашы Аян Әлімханов жарақат алып қалып, бірнеше минут алаңда +33 категориясына кіретін ойыншы болмай қалды.
Ал өзге ойыншыларға тоқталсақ, Дияр Ыдырыс, Асхат Омаров, Кенжеғали Мерей, Наурызбек Лесов, Әбдіманап Кеңес, Азамат Ерболатов, Данияр Рамазанов, Әлібек Өтеуов, Айбек Мақсұтов бар.
Команда капитаны
Алғашқы маусымнан бері команда капитаны Наурызбек Лесов. Атырау облысында дүниеге келген. Kazaknews.kz тілшісі кейбір капитандар секілді қосалқы құрамда отырмайды. Алаңда жиі ойнайды, голдар да соғып тұрады. Биылғы маусымда 7 мәрте мергендік танытты. Команданың ең үздік сұрмергені де осы Наурызбек.
Алдағы ойындар кестесі
Алда Qsport.kz, Қазмедиа, Мазмұндама командаларымен кездеседі. Бірінші және соңғысымен деңгейлері шамалас.