Екі команда арасындағы матч тартысты өтті. Қай-қайсысы болсын бұл ойында жеңілсе, чемпиондықтың ауылы алыстайтынын жақсы түсінгендей. Залдағы орындар да лық толды. Өйткені осы маусымдағы шешуші матчтардың бірі еді. Соған сай командалар да жақсы ойын көрсетті.Төрешінің ысқырығы естілісімен жан берісіп ойнады.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің негізінде жасақталған ұжым допқа көбірек иелік етті. Бірінші нөмірмен ойнауға тырысты. Ал радио жігіттері көбінесе қорғана жүріп, жылдам қарымта шабуылға мән берді. Өйткені бұл команда сапында Жандос Манашев, Бекболат Кәрібай, Дәурен Жолдасов секілді жылдам ойыншылар бар.
Есепті ДИиК МО РК ашты. Соңғы қорғаушы болып ойнап, дер кезінде шабуылға араласатын Алмас Зиятов мергендігімен көзге түсті. Бірақ Qazaq radiolary еңселерін түсірген жоқ. Олар өз мүмкіндіктерін күтті. Арада 10 минут өткенде Елдос Өмірхан таразы басын теңестірді. Сосын бірінші таймның бітуіне бір минут қалғанда Назар Найзабекұлы екінші голды соқты.
Үзілістен кейін ойынның қарқыны төмендеген жоқ. Қайта нағыз драма екінші драма екінші таймда болды. Николай Кружальский алаңды көре білетін қабілетін байқатып, сол қапталдан қарама-қарсы бетте жүрген Әлішер Келгенбайға допты асыра салды. Өз кезегінде Келгенбай қорғаушы Елтай Нұрғазинді алдап өтіп, Дастан Қашкеннің аяғына допты салып берді. Ақтөбеден елордаға қызмет ауыстырып келген екінші нөмірлі ойыншы мүлт кеткен жоқ. Сөйтіп, таразы басы тағы теңесті. Бұл ойынның 24-минуты болатын.
Осыдан кейін ойын біраз тынышталды. Қауіпті шабуылдар болғанымен, қақпаға кірмей жатты. Есесіне соңғы 6 минут эмоциға толы болды. Qazaq radiolary-ның 20 жастағы ойыншысы Бекболат Кәрібай қарымта шабуыл кезінде тәжірибелі Нұрлан Тұраповты алдап өтіп, осы матчта командасын екінші рет алға шығарды. Оның жылдамдығына Тұрсынбек Жолдыбаев та жете алмады.
Егер соңғы бес минутта шыдас бергенде радио жігіттер үш ұпай алып, чемпиондықтан басты үміткер команда болар еді…
Алайда олар қолда тұрған жеңісті беріп қойды. Алдымен Жандос Манашев жоқ жерден қателесті, одан кейін Бекболат Кәрібай қорғаныста жүріп жаза басты. Мұндай қателіктерді Алмас Зиятов кешірген жоқ. Сосын амал жоқ, қақпашыны бесінші ойыншымен алмастырды. Дегенмен одан пайда болмады, қайта өз қақпаларына гол жіберіп алды. Қорытынды есеп -5:3.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің командасы чемпиондыққа бір табан жақындады. Ал Qazaq radiolary қарсыласының ұпай жоғалтқанын күтеді әрі өздері жеке қаздесуде Хабарды жеңуі керек.
Айтпақшы, Qazaq radiolary журналистер біріншілігінде 511 күн бойы жеңілмеген сериясы бұзылды. Соңғы рет 2019 жылдың 24 тамызында Хабардан 2:10 есебімен ұтылған.
Өзге матчтарға тоқталсақ, Qazsport біріншіліктің аутсайдері Foliant-тан басым түсті. Бұл ойында Qazsport сапынан Ратмир Әубәкір хет-трик жасаса, команда капитаны Эльдар Аманбаев дубль жасады. Бір голды Едіге Ержан соқты. Foliant қарсыластың алты добына бір голмен ғана жауап қатты. Оның авторы – Бауыржан Тәттібаев.
Астана телеарнасының командасы Metaratins.kz-тің осал тұсын оңай тапты. Матчтың нәтижесі – 8:1. Осы ойында Астана сапынан Азамат Бертісов хет-трик жасады.
Aiqyn-Литер тыңғылықты дайындықпен келген екен. Өздерімен шамалас Еуразия+Орт командасын ірі есеппен жеңді. Бұл ойында Жарқын Тілеухор дубльдің авторы атанды.
Хабар кезекті үш ұпайын еш қиындықсыз еншіледі. Олар Kazaknews командасына жауапсыз 6 гол соқты. Мергендер арасында бірінші орында келе жатқан Нұрсұлтан Қабылбек осы жолы үш голды қанағат тұтты. Оның еншісінде 31 гол бар.
Қабылбектің бомбардирлер таласында басты қарсыласы Құмарбек Азат екі голмен шектелді. Ол ойнайтын Қазмедиа командасы Qsport.kz-пен кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жеткенімен, біраз қиналды. Тіпті, осы матчта Қазмедианы қолдап, бір топ жанкүйер де келген екен.
Ал осы турда жалғыз тең ойын NGQ пен Мазмұндама арасында тіркелді. НегізіьМазмұндама екі рет алға шыққан. Бірақ стандарт кезінде қателік жіберіп, жеңісті ұстап тұра алмады. Қорытынды есеп – 2:2.
12 турдың нәтижелері:
QAZAQ RADIOlARY– ДИИК МО РК – 3:5
АСТАНА ТВ – METARATINGS.KZ – 8:1
FOlIANT – QAZSPORT – 1:6
AIQYN-ЛИТЕР – ЕУРАЗИЯ+ОРТ – 5:1
ХАБАР – KAZAKNEWS – 6:0
QSPORT.KZ –QAZMEDIA – 0:3
МАЗМҰНДАМА– NGQ – 2:2