Qazsport – еліміздегі жалғыз мемлекеттік спорт арна болғанымен, журналистер біріншілігіне бір қатысып, біресе қалыс қалып жүрген команда.
Бұл команданың лигадағы тарихы екінші маусымнан басталды. Одан кейін үшінші маусымға да қатысқан. Бірақ жоғары орындардан көріне алмады. Сосын ойыншылары шашырап кетті. Qazsport-тың қайт жинақталуы 2019 жылғы Президент кубогымен тұспа-тұс келеді. Сол кезде Тұрлыжан Әйтенов арнадағы қызметкерлер мен комментаторлардың басын қосты. Президент кубогында күтпеген жерден Qazsport финалға дейін жетіп, екінші орын алды. Осы жетістік оларды шабыттандырған секілді. Бірден маусымға қосылды. Команданы алаңға капитан ретінде Ермек Төрениязов бастап шығып жүрді. Алайда жетінші маусымда Qazsport В лигасында төртінші орыннан әрі аса алмады.
Сосын тағы өзгеріс басталды. Команда тізгінін комментатор Эльдар Аманбаев өз қолына алды. Жаттығу процесін реттеді. Бапкермен жұмыс істеуге кірісті. Коммуникация мәселесіне де көңіл бөлініп жүр. Ең маңыздысы, трансферде белсенді болды. Былтырғы маусымда Sport-59 сапында ойнаған 4-5 ойыншы осы күні Qazsport-тың намысын қорғап жүр. Одан бөлек, Бақдәулет Ерғали, Мәдижан Әбдуғалиев, Дінислам Жандос, Нұрмұхамед Байсүгіровтер қосылды.
Сегізінші маусым Qazsport үшін жаман өтіп жатқан жоқ. Былтыр В лигасында ойнаған ұжым осы күні үздіктер қатарында жүр. 10 матчтан кейін 20 ұпай жинады. Бесінші орындағы Астанадан 6 ұпайға алда тұр. Бірақ үштікке кіру қиындау. Өйткені үшінші орындағы Хабардың Qazsport-тан бір ойыны кем әрі бес ұпай алда.
Команданың үздік сұрмергені – капитан Эльдар Аманбаев. Физикалық артықшылықтарын тиімді пайдаланатын, керек жерден табыла білетін ойыншы болып тұр. Эльдар 10 матчта 13 гол соғып үлгерді.
Қорғаныста Ермек Төрениязовтің екінші тынысы ашылып жүр. Биыл ол бірнеше таңдаулы құрамға ілікті.
Алда Aiqyn-Литер, Foliant, ДИиК МО РК, Астана ТВ командаларымен кездеседі. Егер осы ойындарда кемі үшеуін жеңетін болса, төртінші орыннан төмен түспесі анық.