Журналистер біріншілігінің сегізінші турында да көшбасындағы үш команда ұпай жоғалтқан жоқ. Турдың орталық ойынында Qazaq radiolary мен Qazsport кездесіп, алғашқысы жеңісімен аяқталды.
FOlIANT – AIQYN-ЛИТЕР – 0:1
Сегізінші турдың шымылдығын биылғы маусымның аутсайдерлері Foliant пен Aiqyn-Литер ашты. Екі команданың деңгейі шамалас. Қай-қайсысы болмасын жеңіп кетуі мүмкін еді. Содан да болар ұзақ уақытқа дейін есеп ашылмады. Тек екінші таймның орта тұсында Foliant қорғаушысы Азамат Фазылов қателесіп, оны қарсыласы тиімді пайдаланды. Ерсұлтан Кәріпбайдың пасын Жалын Тілеухор голға айналдырды. Сөйтіп, 1:0 есебімен Aiqyn-Литер жеңіске жетті.
АСТАНА ТВ – MAZMUNDAMA – 4:2
Астана ТВ осы маусымда өздерінен әлсіздеу қарсыластарына жиі ұпай таратып жүр. Бұған дейін Kazaknews-пен тең түсіп, Хабар 24-тен жеңілген. Бұл жолы Мазмұндама да үш ұпай алып кете жаздады.
Басында Фархад Қаналы мен Ержан Жүніс гол соғып, трибунаны бір желпінткен. Алайда Астана есін жинап, сосын ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алды. Әсіресе, Ер-Ұлтан Нұрланов пен Азамат Бертісов белсенді. Соңғысы есеп 1:2 кезінде дубль жасап, командасын алға шығарды. Ал ойынның нүктесін Дарын Шеңгелбай қойды. Қорытынды есеп – 4:2.
METARATINGS.KZ – ХАБАР – 1:6
Хабар бірінші таймда бес гол соқты да әріқарай еріге бастады. Қорғаушы Нұрсұлтан Құрман алдыда жүрді. Соны Metaratings.kz командасына пайдалануға болар еді. Бірақ олар кейде қақпашымен бірге-бір шығып та соға алмай жүрді. Әсіресе, Ербол Қайыровтың қалай мүлт кеткенін ойынды көргендер жақсы түсінеді. Кемі 100 пайыздық 3-4 мүмкіндіктері болған. Бірақ олар тек біреуін тиімді пайдаланды. Қорытынды есеп – 6:1.
NGQ – KAZAKNEWS – 1:0
Сегізінші турда үш ойын 1:0 есебімен аяқталды. Соның біреуі осы NGQ мен Kazaknews арасындағы кездесу.
Бір-бірінің осал тұсын таба алмай екі команда ұзақ жүріп алды. Тек NGQ сапынан Ержан Әмірхановтың екінші таймның соңғы жағында соққан голы командасына жеңіс әкелді.
Осы жеңістен кейін Арай Ізбай бастаған жігіттер 14 ұпаймен алтыншы орында тұрақтады.
ЕУРАЗИЯ+ОРТ– ДИИК МО РК – 1:17
Еуразия+Орт өз тарихында екінші рет 17:1 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Бұған дейін үшінші маусымда Хабармен ойын осылай аяқталған.
Ал матчқа келсек, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің негізінде жасақталған команда сапында гол соқпаған адам қалмады. Тіпті, қосалқы құрамдағы Әсет Есенгелдиев пен Мейірлан Раханов дубльден жасады. Капитан Ғани Нүсіпов те бір гол соқты. Ал негізгі құрамдағы шабуылшылардың бәрі алаңнан бос кеткен жоқ.
Ойын соңында ДИиК МО РК сапынан тәжірибелі Нұрлан Тұрапов пен Еуразия ойыншысы Жасқанат Аманжоловтың жүйкесі сыр беріп, екеуі шекісіп қалды. Төреші екеуін де аяған жоқ, алаңнан қуды.
QSPORT.KZ – ХАБАР 24 – 0:1
Осы турдағы 1:0 есебімен аяқталған үшінші матч.
Бір-бірімен шамалас екі команда арасындағы ойынның бірінші таймы іш пыстыратын деңгейде өтті. Гол соғатын мүмкіндіктері аз болды.
Ал екінші кезең басталысымен Рауан Омаровтан пас алған Бейімбет Молдағали есепті ашты. Одан кейін Qsport.kz қанша тырысқанымен, таразы басын теңестіре алмай қойды.
Ойында голдан гөрі фол мен ерігіс көп болды.Екінші 20 минуттықта алты рет тәртіп бұзған соң Хабар 24 қақпасына 10 метрлік айып соққысы белгіленді. Оны Еламан Әмірғазы тиімді пайдалана алмады. Сосын келесі жолы Нұрбек Қойшыбаев тепкен. Бірақ трансферде қосылған бұл футболшы да мүлт кетті. Қорытынды есеп – 1:0.
QAZSPORT – QAZAQ RADIOlARY– 1:3
Осы турдың орталық ойыны атына сай өтті. Qazsport сапынан Ермек Төрениязов ұйымдастырған шабуылды Нұрмұхамед Байсүгіров жалғап, нүктесін Эльдар Аманбаев қойды. Жоқ жерден табыла кететін капитан матчтың есебін ашты.
Qazaq radiolary бірінші таймда қанша шабуылдағанымен, таразы басын теңестіре алмай қойды. Сосын қақпашысын ауыстырды. Мирас Қайырханды алып тастап, Мұхтар Тұртаевты тұрғызды. Өйткені алаңда 33 жастағы бір ойыншы болу керек. Ал бұл турда қорғаушы Елтай Нұрғазиннің ойыны жүрген жоқ. Сондықтан қорғанысқа Руслан Тәуірше секілді жас жігіттер қосылды.
Екінші кезеңде Назар Найзабекұлы белсеніп, жойқын соққысымен көзге түсті. Одан кейін бұрыштама добынан басталған шабуылды капитан Бекнұр Нұрмағанбет әдемі аяқталды. Ал ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Бекболат Кәрібай есепті 3:1-ге жеткізді. Негізі Qazsport-тың да біраз мүмкіндіктері болып еді. Бірақ Мұтар Тұртаев алаңға кіргеннен кейін қақпасына гол жіберген жоқ.