Қақпашы – Әнуар ҚҰРМАНБАЕВ (NGQ)
NatGeo қақпашысы Әнуар Құрманбаев тек қақпашылардың ғана үздігі емес, жалпы осы турдың ерекше есте қалған ойыншыларының бірі десе болады. Журналистер біріншілігінің 7 дүркін чемпионы Хабармен кездесуде 40 минутта бар-жоғы қақпасына бір гол ғана жіберген Әнуар қандай мақтауға да болсын лайық. Хабардың бірнеше қауіпті шабуылдарын қайтарып, командасының бір ұпай еншілеуіне өз үлесін қосты. Сондықтан Құрманбаевтың таңдаулы құрамға іліккеніне ешкімнің күмәні бола қоймас.
Ершат ҚОЖАТАЕВ (Qazmedia), Бекзат САЙНАЗАР (NGQ)
Ершат турдың маңыздың ойындарының бірінде Qazsport қақпасына бір гол соғып, бірнеше қауіпті шабуылды ұйымадастыра білді. Негізі бірінші таймда спорттық арна командасының шабуылшыларын тырп еткізбеген болатын. Тек өзі үшінші голды кіргізгеннен кейін билеп, соңғы жағында сәл босаңдық танытып алды, әйтпесе оған дейін Ершат ойындағы үздіктердің бірі болған.
Ершатпен бірге қорғанысқа жұп ретінде Бекзат Сайназарды таңдадық. Негізі бұл әмбебап ойыншының алаңдағы жұмысы көп жағдайда көріне бермейді. Бірақ командасына үнемі маңызды ұпайларды сыйлайтын осы Бекзат. Хабармен кездесуде қорғаныста жүріп-ақ бір гол соқты, әрі өзінің негізгі міндетін ұмытқан жоқ. Команда капитаны Арай Ізбай алаңнан қуылған соң, көшбасшылық міндетті өз қолына алып, жақсы ойын өткізді.
Алмас ЗИЯТОВ (ДИиК МО РК), Эльдар АМАНБАЕВ (Qazsport)
Алмастың шеберлігіне ешкімнің күмәніне бола қоймас. Лигадағы үздіктердің бірі. Бұл жолы да ол өз шеберлігін байқатып, Хабар-24 қорғаушыларының әбден ығырын шығарды. Алаңдағы әріптестері Николай Кружальский мен Әлішер Келгенбайға бірнеше ұтымды пастар шығарып, өзі дубльдің авторы атанды. Негізі оның бұдан да көп гол соғатын мүмкіндігі болған. Бәлкім аяды ма, арасында қақпаның қасына келіп кіргзізбей, әріптестеріне пас беріп жүріп алды.
Эльдар Аманбаев өзің артықшылықтарын тиімді пайдаланатын шабуылшы. Ешкімнен одан гол соғады деп те күтпейді. Бірақ Индзаги секілді айып алаңының ойыншысы. Жоқ жерден табыла кетіп, гол соғатыны бар. Бұл жолы оның екі голы Qazsport командасын жеңілістен құтқарып қалды.
Резерв
Қақпашы – Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ (Qazsport)
Қорғаушылар – Еламан Әмірғазы (Qsport.kz), Назар Найзабеков (Qazaq radiolary)
Шабуылшылар – Нұркен Тоқмурзин (Metaratings.kz), Бекболат Кәрібай (Qazaq radiolary)