БАҚ лиганың сегізінші маусымының 4-турынан кейін турнир кестесінде аса қатты өзгеріс жоқ. Әзірге Хабар, ДИиК МО РК мен Хабар командалары 12 ұпаймен көшбастап тұр.
QAZAQ RADIOlARY– AIQYN-ЛИТЕР – 8:1
Aiqyn-Литер мен Qazaq radiolary арасындағы ойынды екі таймға бөліп қарауға болады.Бірінші кезеңде ойын тең жағдайда өтті.
Алғашқы 20 минуттың ішінде Бекнұр Нұрмағанбет пен Әлішер Өмірзақтың голына Aiqyn-Литер командасынан Руслан Тәуірше бір соққымен жауап берген.
Үзілістен кейін Алдымен Жарқын Тілеухорға қарсы екі аяғымен секірген Радио капитаны Бекнұр Нұрмағанбет алаңнан қуылды. Одан кейін газет жігіттерінің бір-екі гол соғатын мүмкіндіктері болды. Әсіресе Ерсұлтан Кәріпбай 100 пайыздық мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Футболдан «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қағида бар. Сол жазылмаған жүзеге асты. Qazaq radiolary бірінен кейін бірін топырлатып, 6 гол кіргізді. Хет-трик жасаған Әлішер Өмірзақты ерекше айтуға болады. Қорытынды есеп – 8:1.
KAZAKNEWS – АСТАНА ТВ – 3:3
Kazaknews үшін төртінші тур өте өкінішті болды. Олар Астана ТВ командасын 3:1 есебімен ұтып тұрып, жеңісті беріп қойды. Ойынның соңғы жағында Еркін Бектенов пен Ержан Қайырғалиев көзге түсіп, таразы басын теңестіріп кетті.
Әділет Құсайынов бастаған жігіттер маусымда осымен екінші рет 3:3 есебімен тек ойнады. Бұған дейін Қазмедиамен кездесуде осындай есеп тіркелген.
Бұл ойын туралы бірнәрсе жазудың өзі қиын. Журналистер біріншілігінде ең ірі есеп тіркелді. Бұған дейін ешбір команда бір матчта 20 гол соқпаған. Ең көбі – 17:0 болатын.
ДИИК МО РК – FOlIANT – 20:0
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Foliant командасына аяушылық танытпады. Осы ойында Николай Кружальский 9 мәрте қарсылас қақпасынан саңылау табып, мергендер көшін бастады.
Ал маусымдағы алғашқы ойынын өткізген ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли әріптестерінің пастарын өте сәтті пайдаланып, покер жасады.
ЕУРАЗИЯ+ОРТ – QAZSPORT – 0:2
Qazsport маусым басталғалы көп гол соқпаса да, маңызды үш ұпайларын еншілеп жүр. Тек Хабардан ғана ұтылды.
Өз күштерін тиімді пайдаланады. Бұл жолы Еуразия+Орт қақпасына әрбір таймда бір-бір голдан соғып, жеңіске жетті. Ойында көзге түскен – экс-квнчиктер Мәдижан Абдуғалиев пен Эльдар Аманбаев. Халықаралық КВН мерекесі қарсаңында бұл да бір символикалық мәні бар оқиға болуы мүмкін.
ХАБАР – MAZMUNDAMA – 5:1
Хабар бұл ойында көп күш жұмсаған жоқ. Қарсыластың қателігін тиімді пайдаланып, 5 гол соқты. Нұрсұлтан Қабылбек дубльдің авторы атанса, Бақытжан Масақов, Шыңғыс Ерғалиев, Асқар Хамиден бір-бір голдан кіргізді.
Мазмұндама сапынан Дәурен Бабамұратов көзге түсті. Ол есеп 0:2 болып тұрғанда Әзиз Жұмәділов екеуі қосарланып жүріп бір доп соқты.
Сосын осы ойында Хабардағы Шыңғыс Ерғалиевтің тым қауіпті ойынғанын айта кетуіміз керек. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің кеңесшісі Дәурен Бабамұратовтың жоқ жерден аяғына кіріп кетіп, жарақаттай жаздады. Бұған шыдамаған Бабамұратов жұдырығын ала жүгірген, оған командадағы өзге жігіттер ара түсіп арашалап қалды.
Шыңғыстың мұндай әрекеті бірінші емес. Лиганың екінші маусымында ол ЦАИ командасында жүргенде осындай жағдай орын алған.
NGQ –METARATINGS.KZ – 6:2
Матчта ұзақ уақыт есеп ашылмады. Тек бірінші таймның соңғы жағында NGQ командасынан Бекзат Сайназар қорғаушылардан сытылып шығып, Жәнібек Базылбековтің пасын голға айналдырды. Metaratings.kz екінші таймда таразы басын теңестірген де болатын. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді. Болатхан Серік хет-трик, Жәнібек Базылбеков дубльдің авторы атанды.
Metaratings.kz сапынан Данияр Сванқұлов дубль жасады. Өзінің айтуынша ол лигада бір жылдан астам уақыт гол соқпаған екен.
ХАБАР 24 – QAZMEDIA – 2:4
Бір-бірін жақсы білетін сыралғы қарсыластар. Ешқайсысы оңайшылықпен есе жібергісі келмейтіні түсінікті. Дегенмен Қазмедиада Құмарбек Азат бар. Оның жеке шеберлігі көп рөл ойнады. Дубль жасап, командасына үш ұпай сыйлады. Тағы екі голды команда капитаны Марғұлан Ибраев соқты.
ХАБАР 24 сапынан Бейімбет Молдағали мен Шыңғыс Мұса көзге түсті.