Ерсұлтан Кәріпбай (Aiqyn-Литер)
«Черный» деген лақап аты бар Ерсұлтан Кәріпбай бұған дейін «Sport-1959» командасында қақпашы болып өнер көрсеткен еді. Қазіргі кезде ол Aiqyn-Литер командасында қорғаушы болып ойнап жүр. Ерсұлтан Еуразия+Орт командасымен ойында алдымен есепті ашты. Одан кейін пенальти сериясында қақпаға өзі тұрды. Сөйтіп, шешуші соққыны қайтарып, командасының ширек финалға жолдама алуына ерекше үлесін қосты.
Aiqyn-Литер командасының капитаны Всеволд Хванның қуанғаны соншалық, Ерсұлтан Кәріпбайды көтеріп алды.
Нұрмұхамед Байсүгіров (Qazsport)
Qazsport командасында шабуыл шебінде ойнайтын ойыншы көп, сондықтан Қарағандыдан келгеніне қарамастан Нұрмұхамед Байсүгіровке бұған дейін негізгі құрамынан толыққанды орын бұйырмаған. Дегенмен кубоктың 1/8 финалында Байсүгіров барын салып, өзінің негізгі құрамда ойнауға лайық екенін байқатты. Жақында ұлды болған 25 жастағы айтыскер-ақын Qsport.kz командасымен кездесуде хет-трик жасап, матчтың үздігі атанды.
Марат Тукатов (Хабар-24)
Хабар-24 маусымды ала-құла бастаған еді. Әзірге лигада ойындары көңілден шықпай жатыр. Дегенмен кубокта Хабар-24 Kazaknews командасын оңай жеңді. Бірінші кезекте Марат Тукатовты айтуға болады. Ол Нұрмұхамед Байсүгіровтен кейін кубокта хет-трик жасаған екінші ойыншы.
Мәди Ысқақов (Metaratings.kz)
Мәдидің командасы Metaratings.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен ойсырай жеңілді. Есеп – 2:12. Бірақ соған қарамастан біз Мәдиге тоқталғымыз келеді. Өйткені ДИиК МО РК командасының мүмкіндігін бәрі біледі. Осындай командаға, оның үстіне былтырғы В лигасының үздік қақпашысы атанған Нұрлан Тұраповқа дубль жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Жұмыс кестесіне байланысты лиганың екі ойынынан қалыс қалған Ысқақов осы жолы барын салып, екі голын соқты.
Дәурен Берікқажы (Foliant)
Журналистер біріншілігінің дебютанты Foliant командасы алғашқы екі турда қарсыластарына ірі есеппен жеңілген соң, көпшілік Aiqyn-Литер секілді ұзақ уақытқа дейін жеңіске жетудің не екенін білмей кете ме деп еді. Бірақ олар небәрі үшінші ойындарында жеңіске жетті. Лигада болмаса да, кубокта Мазмұндамадан айласын асырды. Ойынның басында Мазмұндама 2:0 есебімен алда тұрған. Сол кезде капитан Дәурен Берікқажы ойын тізгінін өз қолына ала білді. Жарақатына қарамастан алдымен есеп айырмасын қысқартты. Сосын пенальтиді сәтті орындады әрі қарсыластың футбол лотериясындағы шешуші соққысын қайтарды.
Хабар мен NGQ командалары
Хабар 1/8 финалда Астана телернасының командасын 8:0 есебімен ойсырата жеңді. Былай қарасаң, Астанада осал қарсылас емес. Осындай ұжымды 8:0 есебімен ұтуы Хабардың қаншалықты баптарында екенін байқатады. Бұл жерде Хабардың бір ойыншысын бөліп-жарып айту қиын. Олар нағыз командалық ойын өрнегін көрсетті. Сондықтан Хабар командасын ерекше айтуғаб олады.
Одан кейін NGQ командасына да осындай баға беруге болады. Олар бір аптаның ішінде екі рет Қазмедиамен жолығып, екеуінде де ұтылған жоқ. Лигада ойын 2:2 есебімен аяқталса, кубокта 1:1 есебі тіркелді. Соын пенальти сериясында жолдары болды. Хабар секілді «Табиғат жыршыларын» да команда ретінде жақсы ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе, Арай Ізбай бастаған қорғаушылар Құмарбек Азат секілді Қазмедиа шабуылшыларын тырп еткізген жоқ.