Qazaq radiolary ауыспалы кубоктың иегері ретінде алғашқы кезеңнен босатылды. Ширек финалдың қалған 7 жолдамасына 14 команда таласты.
AIQYN-ЛИТЕР– ЕУРАЗИЯ+ОРТ – 1:1, пен – 3:2
Алдымен Aiqyn-Литер мен Еуразия+Орт командалары кездесті. Бірінші таймда Ерсұлтан Кәріпбай газет ұжымын алға шығарған. Үзілістан кейін Еуразия жігіттері таразы басын теңестірді.
Бұдан кейін де екі команда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастыра алғанымен, таблодағы есеп өзгермеді. Әсіресе Aiqyn-Литер ойыншылары өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алған жоқ.
Кезек пенальти сериясына келді. Aiqyn-Литер қақпасын күзеткен Ерсұлтан Кәріпбай үш соққының біреуін қайтарып, командасына жеңіс сыйлады.
Ал Жандос Манашев болмаса, Еуразия+Орт командасының ойыны мүлдем бөлек екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.
QAZSPORT– QSPORT.KZ – 4:3
Qasport пен Qsport.kz жаз бойы бірнеше рет бірге жаттыққан. Сондықтан бір-бірлерінің қыр-сырларын жақсы біледі. Ойында тартысты өтті. Екі команда да аянып қалмады. Алғашында есеп 2:2 болған. спорттық арна жігіттері соңғы 10 минутта тиімді пайдаланды. Олар қатарынан екі гол соғып, жеңісті жұлып алды. Qsport.kz 36-минутта есеп айырмасын қысқартқанымен, одан әріге шамалары жетпеді.
Жақында ұлды болған Qasport шабуылшысы, қарағандылық айтыскер-ақын Нұрмұхамед Байсүгіров белсеніп, осы матчта хет-триктің авторы атанды.
KAZAKNEWS – ХАБАР 24 – 1:5
Kazaknews үшінші турда Aiqyn-Литер командасын жеңіп, бір желпініп қалып еді. Кубокта Хабар 24 жігіттеріне қарсы ештеңе істей алмады.
Телеарна командасынан Марат Тукатов хет-трик жасаса, Рауан Омарханов пен Бауыржан Қошанов бір-бір голдан соқты.
Ал Kazaknews қарсыластың 5 тура соққысына бір голмен ғана жауап қата алды. Көзге түскен капитан – Наурызбек Лесов.
QAZMEDIA– NGQ – 1:1, пен – 0:2
Бұл екі команда бір апта бұрын лигада кездескен. Ол кезде ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.Негізі NGQ 38-минутқа дейін алда тұрып, соңғы минутта жеңісті беріп қойғаны бар.
Бұл жолы тағы тең аяқталды. «Табиғат жыршыларының» қатарына Ернұр Досжанов қосылыпты. Матчтағы есепті де ашқан Ернұр болды. Дегенмен Qazmedia таразы басын жылдам теңестірді. Мергендік танытқан – Қанат Такиров.
Пенальти сериясында NGQ бағы жанып, ширек финалға жолдама алды.
METARATINGS.KZ – ДИиК МО РК – 2:12
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі бұл матчқа толық құрамда келген жоқ. Былтырғы маусымдағы А лигасының үздік сұрмергені Әлішер Келгенбай мен В лигасының үздік сұрмергені Николай Кружальский кездесуге қатыса алмады. Сол секілді «қосалқы құрамның жұлдызы» Олжас Күлтешов те болмады. Соған қарамастан «әскери» жігіттер қарсыластарын аяған жоқ.
Бірінші таймда аздап интрига бар тәрізді көрген еді. Есеп 4:0-ге жеткенде қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің командасы еркінсіп, допты қарсыласқа беріп қойғаны бар. Мұны Мәди Ысқақов тиімді пайдаланып дубль жасады.
Ал екінші таймда ДИиК МО РК шашып тастады. Топырлатып тағы 8 гол соқты. Келгенбай мен Кружальский болмаса да басқалары да жетіп жатыр. Мысалы, бұған дейін көзге түспеген Дастан Қашкенов хет-трик жасады.
МАЗМҰНДАМА – FOlIANT – 2:2, пен – 3:4
Мазмұндама өз тарихында алғаш рет ойын алдында фаворит саналған матч болатын. Тіпті, кейбір ойыншылары Қазмедиа командасының кубоктан шығып қалғанын күлкіге айналдыра бастап еді. Алайда өздері солардың күйін кешті.
Негізі Мазмұндама ойынды жақсы бастаған. Ержан Жүніс пен Еркін Шәкір мергендік танытып 2:0 есебімен алға шыққан еді. Бірақ одан кейін шаршап қалды ма, қарсыласқа тізгінді ұстатып қойды.
Foliant сапынан Дәурен Берікқажы мен Талғар Тұрсынәлі есепті теңестіріп, ойынды пенальти сериясына жеткізді. Футбол лотериясында баспа жігіттерінің бағы жанды.
ХАБАР – АСТАНА ТВ – 8:0
Мүлдем түсініксіз матч. Талай рет лигада жүлдегер Астана тв командасы осыншалықты дәрменсіз болады деп кім ойлаған? Тіпті бұл кездесу 1/8 финалдың орталық ойыны деп бағаланған болатын. Бірақ олар Айбек Қабылша қорғаған қақпадан бірде-бір рет саңылау таба алмады. Ал Хабар армансыз 8 гол соқты. Үш ойыншы дубльдің авторы атанды.
Ширек финалдың ойындары 26 желтоқсанға жоспарланған.