БАҚ лиганың сегізінші маусымының үшінші турында Kazaknews пен Еуразия+Орт командалары алғашқы жеңістеріне қол жеткізсе, Хабар мен ДИиК МО РК әзірге ұпайдан шашау шығарар емес.
ХАБАР – ХАБАР 24 – 6:2
Хабар арнасының 25 жылдығында сәйкестік пе әлде кездейсоқтық әйтеуір осы агенттікке қарасты екі телеарна өзара кездесті. Яғни Хабар мен Хабар-24.
Жалпы БАҚ лига басталғалы сегіз маусымға толық қатысқан да тек осы екі команда.
Енді ойынға тоқталсақ, есепті Хабар капитаны Нұрсұлтан Қабылбек ашты, Шыңғыс Ерғалиев екінші голдың авторы атанды. Хабар-24 сапынан Марат Тукатов айып соққысын сәтті орындап еді. Бірақ одан кейін Хабарды тоқтату мүмкін болмады. Олар Саят Сабыраев қақпасына тағы төрт гол соқты. Ал «24-тің» жігіттері екінші таймда бір голмен шектелді.
Чемпиондар үшінші жеңістерін тойласа, Хасан Ташенов бастаған жігіттер маусым басталғалы 6 ұпай жоғалтып үлгерді.
АСТАНА ТВ – QSPORT.KZ –4:1
Матч қарсаңында Qsport.kz жетекшісі Жандос Қонысбаев BAQ show бағдарламасында Астананы жеңуге шамалары жететінін айтып еді. Алайда телеарна жігіттері алдырған жоқ.
Былтырғы маусымда БАҚ лигадан тыс қалған Азамат Бертісов кездесу бастала салысымен есепті ашты. Сосын Бексұлтан Әмірбек көзге түсті. Үзіліске дейін Qsport.kz сапынан Ержан Қожабеков есеп айырмасын қысқартып еді. Бірақ екінші таймда былтырғы маусымның қола жүлдгері сауатты ойнап, тағы екі гол соқты. Астана осы маусымда да жүлделі үмітті екендерін байқатты.
METARATINGS.KZ – QAZSPORT– 1:3
Qsport.kz секілді осы маусымда үшінші рет жеңілген тағы бір команда бар. Ол – Metaratings.kz. Бұл жолы олар Qazsport теларнасының жігіттеріне есе жіберді.
Трансферлік терезеде команда жетекшісі Ербол Қайыров бірінші кезекте қақпашы мәселесін реттеу керек шығар. Әйтпесе қазіргі қақпашысы әрбір ойын сайын алыстан тепкен соққыларды жіберіп алып жатыр. Бұл жолы қақпашының осал тұсын Qazsport сапынан Ратмир Әубәкір тиімді пайдаланып кетті. Одан кейін Эльдар Аманбаев қарсыластың қорғаушыларының «қыдырып жүргенін» өз пайдасына жаратты. Ал Qazsport үшінші голды соққан соң, ойынды тастады.
Metaratings.kz капитаны Нұркен Тоқмурзин «престиж» үшін бір гол кіргізгені болмаса, одан әріге шамалары жетпеді.
FOlIANT – ЕУРАЗИЯ+ОРТ – 3:7
Маусымның дебютанты FOlIANT пен Еуразия+Орт ашық ойын көрсетті. Бұл матчта 10 гол соғылды. Жандос Манашев бастаған жігіттер 7 гол соғып, алғашқы үш ұпайларына қол жеткізді.
ДИИК МО РК – МАЗМҰНДАМА – 10:1
Мазмұндама былтырғы маусымда В лигасында Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметімен әжептәуір тіресіп ойнаған. Биыл да сондай көңіл күйде жүрген еді. Алайда осы күні басты қарсыласы Хабармен гол саны жөнінен қалыс қалмау үшін ДИиК МО РК былтырғыдай аяушылық танытпады. Алғашқы минуттан ойын тізгінін өз қолдарына алып, голдарды қарша боратты. Қанат Базылхан қақпасынан 10 рет доп алып шығуға мәжбүр болды. Әйтеуір Аян Әбдәули Риат Шонидың қақпасына бір гол соқты демесеңіз, Мазмұндама жарытып ештеңе көрсете алмады.
AIQYN-ЛИТЕР– KAZAKNEWS – 5:2
Aiqyn-Литер капитаны Всеволд Хван осы маусымда 13 ұпай жинау деген мақсат қойғандарын айтып еді. Әзірге үшеуі бар, қалған 10 ұпайды қай матчта жинайды екен деп отырмыз. Негізі сондай ұпай алуға болатын ойынның бірі – Kazaknews еді. Дегенмен газет жігіттері «жасыл жейделі» команданы тоқтата алмады.
Басында Kazaknews екі рет алға шыққанымен, Aiqyn-Литер тез теңестірген. Қуаныш Сапарбаев пен Руслан Тәуірше тандемі өз нәтижесін берді. Оған қорғанысы жиі сыр беріп, Kazaknews капитаны Наурызбек Лесовті тұсай ұстай алмады. Ол бұл матчта хет-трик жасады. Қорытынды есеп – 5:2.
QAZMEDIA– NGQ – 2:2
Осы турдың орталық матчы деп Қазмедиа мен NGQ арасындағы ойынды айтуға болады. Кездесу тартысты өтті.
Өткен турда NGQ қорғаушысы Жәнібек Базылбеков қызыл қағаз алып кетіп еді, есесіне іс-сапардан шабуылшы Нұрәлем Жалғасұлы оралыпты.
Матчтың алғашқы голын Қазмедиа қорғаушысы Ершат Қожатаев ашты. Бірақ қарсылас та қарап қалмады. Жылдам естерін жинап, тіпті алдыға шықты. «Бето» деген лақап атымен танымал Болатхан Серікбай дубльдің авторы атанды.
Осы есеп матчтың 38-минутына дейін сақталып тұрған. Алайда «Табиғат жыршылары» соңғы екі минутта екі ұпайдан айырылып қалды. Матч тең аяқталды.