Кеше, 19 қазанда 42 жасқа толған Дастан Кенжеалин белгілі бір себептерге байланысты футболдан қол үзіп қалған болатын. Ол жаңа маусымда біріншіліктің дебютанты Foliant командасының құрамына қосылған. Екінші турда «Қазмедиамен» өткен ойында алаңға шықты.
Айта кетейік, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жетекшісі БАҚ лиганың бастапқы екі маусымында «Жеңіс» атты команданы жасақтап шығарған болатын. Екінші маусымда бұл команда құрамында Құмарбек Азат та өнер көрсеткені бар.
Студент кезімде Алматыда «Dostar international» аула клубын, 2001-2017 жылдары «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттері мен Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының «Жеңіс» командасын жасақтап, көптеген жарыстарға қатысқан едік. Сол кезде «Dostar international» Алматының аула командаларымен және қаланың шетіндегі ауылдарға барып, ойнаса, «Астана ақшамы» қалалық турнирлерде топ жарып жүрді. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің жасағы журналистер арасында Қазақстан әуесқой футболшылар лигасына қатысқан алғашқы команда болып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Біздің клуб әуелі «В»лигасында, одан кейін «А» лигасында Қазақстан атынан Еуропаның әуесқой футбол лигасына қатысқан ұжымдармен талай рет иық теңестіріп ойнады. Осы жылдары бас басылымның клубын жылда Алматыда, одан кейін Астанада жалауы желбіреген Сейдахмет Бердіқұловты еске түсіруге арналған турнирге қатысып отырды. 2016 жылы біздің Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының Астана қалалық филиалы алғаш рет ұйымның кубогы үшін сегіз БАҚ командаларының басын қосқан турнир өткізді. Осы сында аталған бірлестіктің «Жеңіс» клубы кубоктың иегері атанды. Одан кейін «Жеңіс»жасағы екі маусым BAQ League біріншілігіне қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Енді міне, үш жыл үзілістен кейін «Фолиант» баспасының шақыруымен қайтіп алаңға шығып отырмын. Команданың жігіттеріне сенім білдіргені үшін рахметімді айтып, шама келгенше жасақты жерге қаратпауға тырысамын деп сөз бергенмін. Бұған талай командаларды құрып, аяққа тұруына жүгіріп, жарыстарда басынан соңына дейін жүрген аз-маз тәжірбиемнің де септігі тиеді деп ойлаймын.Футбол ойнауды 10 жасымнан бастасам, қазір көз алдыма 18-22 жаста «Dostar international» клубында ойнаған шағым, 23-25 жаста «Астана ақшамы» газетінің намысын қорғаған жылдарым, 26-39 жаста «Егемен Қазақстан» мен «Жеңіс» командаларында доп тепкен кезім келеді. Жас алады екен. Бірақ «Спорт деген бір сиқыр» деп бекер айтпайды, – дейді Дастан Кенжеалин.