Елордамызда 15 команданың басын қосқан БАҚ лиганың жаңа маусымы басталды. Наурыз айына дейін жалғасатын біріншілік «Хабар» агенттігінің 25 жылдығы аясында өтеді.
Биыл төртінші билік өкілдері жасыл алаңда бас қоса алмай жүрді. Оған себеп – коронавирус пандемиясы. Сондықтан жазғы маусым өтпеді. Дегенмен, көптен күткен журналистер біріншілігі бірден залдан басталды. «BAQ league» сегізінші маусымы елордадағы жаңадан ашылған заманауи «Аспан» спорт кешенінде өтіп жатыр. Биылғы лиганың бір ерекшілігі – бұрынғыдай «А» және «В» деп екіге бөлінбеген. Яғни 15 команда өзара бір-бірімен кездесіп шығады.
Айта кетейік, «BAQ league» – Қазақстан журналистикасының тарихындағы тұңғыш және жалғыз толыққанды футбол біріншілігі. Бұл жоба журналистер арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттырып, жаңа таныстар табуға жол ашып, редакция ішіндегі татулықты күшейтеді. «BAQ league» брендімен БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол біріншіліктері Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Алматы және Ақтау сынды қалаларда да ұйымдастырылды. Ал елордамызда өтетін «BAQ league» біріншілігіне апта сайын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент қалаларының да журналистері келіп қатысады. Бұл лиганың қарқынды дамып жатқанын және журналистер қауымы арасында маңызының артқандығының белгісі. Бүгінде «BAQ league» әр маусым сайын 30-дан аса БАҚ редакциялары мен 300-ден астам журналистің басын біріктіретін елеулі жобаға айналды.
BAQ league сегізінші маусымының серіктестері:
«Хабар» агенттігі, «Waурма» жылдам тағамдар желісі, «ASSYLTAS» қоғамдық қоры, «Turan» суы, «Life football» спорттық дүкені.