БАҚ лиганың сегізінші маусымының шымылдығы «Qazaq radiolary» мен «Еуразия» командалары арасындағы ойынмен ашылды. «Qazaq radiolary» былтырғы маусымда күміс жүлдегер атанған. Тек соңғы турда «Хабармен» тең түсіп, чемпиондықтан құр қалғаны бар. Биыл да Назар Найзабеков бастаған жігіттер алдарына тек жоғары мақсаттар қойып отыр
Ал олардың қарсыласы «Еуразия» араға бір жыл салып, лигаға қайта оралып отыр. Команданың жаңа маусымдағы көшбасшысы – Жандос Манашев. Ол бұған дейін Qazaq radiolary» сапында ойнаған. Қазіргі кезде «Еуразия» арнасында қызмет атқарады. Сондықтан өзі жұмыс істейтін мекеменің намысын қорғамақ. Айтпақшы, Жандос ешқашан бір команда сапында бір маусымнан артық ойнамаған. Ол «джентельмендік» келісімге сәйкес, бұрынғы командасына қарсы ойында алаңға шықпады. Сонымен қатар «Еуразия» сапына осыған дейін «Хабардың» қосалқы құрамын тоздырған Дарын Олжабай қосылыпты. Бірден 7-нөмірлі жейдеге ие болған Дарынның да допты тәп-тәуір тебетінін байқап қалдық. Бәлкім, «Хабардан» ертерек кеткенінде осы кезде БАҚ лиганың жұлдыздарының қатарында жүрер ме еді?
Енді ойынға тоқталсақ, «Qazaq radiolary» қарсыласты аяған жоқ. Команда сапында жаңадан қосылған Әлішер Өмірзақ пен әмбебап ойыншы Елдос Өмірхан хет-трик жасады. Дәурен Жолдасов, Бекболат Кәрібай және Назар Найзабековтер бір-бір голдан соқты. «Еуразия» жігіттері қарсыластың 9 голына бір доппен жауап қатты. Оның авторы – Қайрат Мурзалин.
Былтыр алғашқы жеңістеріне 196 күн күтіп бір-ақ жеткен «Aiqyn-Литер» командасы сегізінші маусымды сәтті бастады. Бәлкім, команда капитаны Всеволд Хванның «Литер» газетінен жұмыстан кетуі де әсер етті ме екен?
Олар бірінші турда атауын жаңа демеушінің талабы бойынша «Metaratings» деп өзгерткен бұрынғы «Қаламгердің» жігіттерінің осал тұсын тапты. «Metaratings» командасының жетекшісі Ербол Қайыров Алматыда отырып, елеңдегенімен командасы қуанта алмады. «Aiqyn-Литер» сапынан Руслан Тәуірше мен Қуанышхан Сапарбаев мергендік танытса, «Metaratings-тің» бір голы Ермұхамед Мәуленге тиесілі.
Осы ойында қазақ спорт журналистикасының белді өкілі, «Aiqyn-Литер» командасының ойыншысы Амангелді Сейітхан өзі алаңға шықпай, командасына бапкерлік етіп отырды. Бұл тәжірибе де өз жемісін берген секілді. Капитан Хванға қарағанда бұл жағынан тәжірибесі мол Амангелді Сейітханның шешуші тұста ұтымды тактикасына куә болдық.
Бірінші турдағы қызықты матчтардың бірі – «National Geographic Qazaqstan» мен Хабар 24» арасында өтті. «Табиғат жыршылары» жаңа маусымға жақсы дайындықпен келгені байқалады. Команда құрамы күшейген. БАҚ лигада мойындалған Ернұр Досжанов, Жәнібек Базылбеков секілді ойыншылармен толыққан. Алғашқысы іс-сапарға байланысты ойынға қатыса алмады. Соған қарамастан Арай Ізбай бастаған жігіттер 4:2 есебімен басым түсті. Бұл команда сапынан Бекзат Сайназар хет-триктің авторы атанды.
БАҚ лиганың жеті дүркін чемпионы «Хабар» командасы биыл да өз атақтарын қорғап қалудан дәмелі. Тіпті, команданың бас жұлдызы Әлішер Келгенбайдың басқа командаға ауысқанын да елемейтін секілді. Осыған дейін В лигаларында ойнаған қақпашы Айбек Қабылшаның досы Зухраб Отаров, «Егемен Қазақстанда» өнер көрсеткен Фархат Қыналы мен Қолғанат Салин және былтыр «Qazaq radiolary-ның» намысын қорғаған осы агенттіктің қызметкері Бақытжан Масақов жаңа маусымда «Хабардың» қатарын толықтырыпты. Сонымен қатар, бұл команданың тізімінде маңызды матчтарда көмектесе алатын өзге қалаларда істейтін журналистер де бар.
«Хабардың» бірінші турда қарсыласы болған «Qsport.kz» командасы да негізі осал емес. Жаңа маусымда команда құрамы біраз күшейген. Арасында анау-мынау команданы менсіне бермейтін Асқар Мұхаров сияқты ойыншылар да жүр.
Бірақ бірінші турда чемпиондарға қарсы «Qsport.kz» жігіттері ештеңе көрсете алған жоқ. Матч 10:0 есебімен аяқталды.
Былтыр «В» лигасында барлық матчты жеңген Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметі биылғы маусымда чемпиондықтан басты үміткерлердің бірі. Оның үстіне, командаға «Хабардан» Әлішер Келгенбей мен Тұрсынбек Жолдыбаев «Спорт-59-дан» Ербол Кенжебаев пен Олжас Күлтешов қосылған. Бірақ бірінші турда «Kazakhnews» қақпасының саңылауын 25 минут бойы таба алмай қиналды.
Бәлкім, жарақатына байланысты алаңға шыға алмаған Алмас Зиятов жоқтығы әсер етті ме екен?
Ал «Kazakhnews» көрермендердің қошеметіне бөленді. Тек екінші таймның орта кезінен бастап шаршап қалды. Жаңа маусымдағы талаптың бірі команда сапында алаңда 33 жастан асқан кемі бір ойыншы болу керек. «Kazakhnews» командасында мұндай талапқа сай жалғыз Төлеубек Қадырмола болды. Сондықтан ол 40 минут ойнап шықты. Өлермен-журналист» Төлеубек шаршағанын білдірмеуге тырысты. Бірақ «әскери жігіттерге» қарсы дамыл көрмеу ойнау қиын екенін сезген болар. Әлішер Келгенбайдың жеке шеберлігі ойын тағдырын шешті. Матч қорытындысы – 4:0.
Бірінші турдың орталық ойыны «Қазмедиа» мен «Астана» арасында өтті. Жалпы, бұл кездесу атына-сай болды. Екі команда да 3 голдан соғып, тең тарқасты.
Жаз бойы трансферде белсенді болған «Қазспорт» командасы бірінші турда «Мазмұндаманың» осал тұсын тапты. Команда капитаны Эльдар Аманбаев хет-трик жасады. Бір голды Құдайберген Маханбетәлі соқты.
Жаз кезінде жетекшісі Шымкент қаласының әкімінің орынбасары болып кеткен «Мазмұндама» командасы құрамына министрлікте істейтін біраз жігіттерді жиып алыпты. Арасында ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сарапшысы Дәурен Дариябек, экология министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Айбек Рахимов жүр. Одан бөлек, «Елорда-ақпараттан» Елтай Нұртазин мен Аян Әбдуәли қосылған. Былтыр «Qazaq radiolary» сапында ойқастан Ержан Жүніс те жаңа маусымда «Мазмұндама» командасының намысын қорғамақ.
Бірақ «Қазспорттың» 4 голына «Мазмұндама» жігіттері екі тура соққымен жауап қатты. Оның біреуі Айбек Рахимов, екіншісі Мұхтар Ыбырайымға тиесілі. Қорытынды есеп – 4:2. Осы кездесудің соңында «Мазмұндама сапынан Дәурен Бабамұрат алаңнан қуылды. Ол келесі ойынға қатыспайды.
BAQ league сегізінші маусымының серіктестері:
«Хабар» агенттігі, «Waурма» жылдам тағамдар желісі, «ASSYLTAS» қоғамдық қоры, «Turan» суы, «Life football» спорттық дүкені.