«А» лигасының аутсайдерлері деген статусқа ие болған қос команда соңғы турда да өз ойындарын жеңіліп қалды.
«Қазмедиа» командасымен кездескен «Kazaknews.kz» қанша тырысқанымен БАҚ лиганың антирекордын жаңарта алмады. Қандай антирекорд дейсіз бе? Үшінші маусымда «Еуразия+ОРТ» командасы бір маусымның ішінде қақпасына барлығы 110 гол жіберіп алған болатын. «Kazaknews.kz» 107 голмен шектелді. Бір қызығы, биыл да «Kazaknews.kz» намысын негізінен «Еуразия+ОРТ» командасының ойыншылары қорғап жүр. Ал «Қазмедиадан» 2:8 есебімен ойсырай жеңілді. Егер қарсылас сапында Құмарбек Азат сияқты тағы бір шабуылшы болғанда немесе Құмарбекке пас шығарып беретін жақсы бір ассистент болғанда таблодағы есеп бұдан да ірі болуы ғажап емес еді. Құмарбек Азаттың өзі 6 гол соқты. Айтпақшы, бұл ойынның басты интригасы да осы болған. «Хабарлық» Әлішер Келгенбай және Нұрсұлтан Қабылбекпен сұрмергендер бәсекесінде өзіндік жарыс өткізген Құмарбекке неғұрлым көбірек гол соғу керек болатын. Алты гол аздық етті. Бәсекелестерінен асып түсе алғанымен «бұйырған кетпейді, қуған жетпейдінің» кебін киді. Ал «Kazaknews.kz»-ке келесі маусымда қайта бәрін «В» лигасынан бастауға тура келеді.
Дегенмен Доған Йылдыздың командасы соңғы емес, «А» лигасының басты аутсайдері деген статусты биыл «National Geographic Qazaqstan» иеленді. Маусымды керемет бастаған олар уақыт өткен сайын турнир кестесінің түбіне бата берді де, біріншілікті небәрі 6 ұпаймен аяқтады. Соңғы турда «Егемен Қазақстанмен» кездескен. Олар да 13-ші турға дейін аутсайдерлер санатында болатын. Бірақ дер кезінде естерін жиып, жағдайларын түзей алды. Ал «Табиғат жыршыларына» қарсы ойында қарсыластарының 3 голына екі есе етіп жауап берді де, матчты 6:3 есебімен аяқтады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені