Чемпиондық ойын трибунаға жанкүйерлерді жүздеп жинады. 70 пайызы «Qazaq radiolary»-н қолдап қиқуласа, қалғандары «хабарлықтарды» алға жетелеумен болды. Ойын да соған сәйкес өте тартысты өтіп, қос тарап өздерінің өрнекті ойынымен көрермендердің айызын әбден қандырды.
Матчқа дейінгі турнир кестесінде «Qazaq radiolary» 2 ұпайға артта болғандықтан оларға бұл ойында қалайда жеңіске жету қажет болатын. Ал «Хабарды» тең нәтиженің өзі қанағаттандыратын.
ФИФА дәрежесіндегі арбитр Төрехан Тұрсымбаев пен Ұлттық дәрежедегі төреші Тимур Тұрсымбаев қызмет атқарған кездесу еліміздің Әнұранымен басталды. Ал қақпаға алғашқы соққыны «хабарлықтар» жасады. Дегенмен Нұрсұлтан Құрманның соққысы «радиолықтардың» қақпашысы, оператор Әсет Нұрғалиев үшін еш қиындық тудырмады. «Qazaq radiolary» қарап қалған жоқ. Гол соғатын мүмкіндік Елдос Өмірхан да болды. Алайда сол қапталдан әріптесі сырғытқан пасқа аяғын қойып үлгермеді.
Осылайша ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіп жатқан. Бірінші тайм да соңына жетуге таяған еді. Кенет Нұрсұлтан Құрманның пасынан кейін Әлішер Келгенбай тепкен доп қақпа бағанасынан кері серпілді. Ал екінші деммен өрбіген шабуылда Нұрсұлтан Қабылбек Әлішердің пасын голға айналдырып, «Хабарды» алға шығарды. Үзіліс. «Хабар» 1:0 есебімен алға шықты.
Екінші тайм «Qazaq radiolary»-ның қарқынды шабуылымен басталды. Елдос Өмірхан, Жандос Манашев және Назар Найзабекұлы триосының комбинациялық шабуылы нәтижесін беріп, Назар таразы басын теңестіріп кетті. Дегенмен чемпиондық үшін жеткіліксіз нәтиже еді. Оларға қалайда жеңіс керек. Сондықтан, шабуылдарын тоқтатпады. Ал тізгінді қолына алған тағы да Назар еді. Араға төрт минут салып, «Qazaq radiolary»-ның қорғаушысы екінші голын соқты. «Хабар» қорғаушысы Тұрсынбек Жолдыбаевтың тепкен добына аяғын тоса салған еді, «соқыр снаряд» кері серпіліп, қақпадан бір-ақ табылды.
Алайда шымылдықты жабуға әлі ерте еді. Допты ортадан қоса салысымен-ақ «Хабар» таблодағы көрсеткішті теңестіріп кетті. Нұрсұлтан Қабылбектің пасын Әлішер Келгенбай кәдесіне жаратты. Есеп – 2:2, бірақ ойынның аяқталуына әлі 10 минуттан астам уақыт бар. Екі коман да әбден қалжырағанына қарамастан соңғы күштерін жинап, алға атойлап жүр. Екеуінде де гол соғатын мүмкіндіктер көп. Оның үстіне, жанкүйерлер де қиқуға басып, жүгіртпесіңе қоймайды.
Матчтың аяқталуына 5 минут қалғанда тағы да Әлішер Келгенбай гол соғып, көзге түсті. Жеңіске жетуді мақсат еткен «Qazaq radiolary» қақпашысын алып тастап, бесінші ойыншыны қосуға мәжбүр болған. Мұндайда қақпаның бос қалатыны белгілі. «Радиолықтарды» өз айып алаңында күтіп алған «хабарлықтар» қарсыластарының қателігін күтіп, аласапыран кезде Әлішер Келгенбай допты бос қақпаға әуелете асыра салды. 3:2 – «Хабар» чемпиондықты жеңіспен тойлауға жақын.
Дегенмен маусымды тамаша өткізген «Qazaq radiolary»-ның жеңіліп қалғаны да өкінішті, әрі әділетсіз болар еді. Көрермендер де алаңға бір, уақытқа бір қарағыштаумен отыр. Радио жігіттері де жеңісті оңайлықпен бере салайын деп тұрған жоқ. Назар Найзабекұлы оң қапталдағы әріптесі Бақытжан Масақовқа, ол қақпа түбіндегі Бекнұр Нұрмағамбетовке, капитан Жандос Манашевке пас асырған еді, шабуылшының тоса салған аяғы құтты болып, «Qazaq radiolary» есепті 3:3-ке жеткізді. Бірақ одан әріге шама да жетпеді, уақыт та аз болды. Чемпиондық матч тең аяқталып, «Хабар» БАҚ лиганың 7 дүркін чемпионы атанды.
Бұл гегемонияны кім тоқтатар екен?
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені