Чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешіледі

0
346
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Соңғы турға «Хабар» мен «Qazaq radiolary» қосақтасып, ұпай жоғалтпай бірге жете ме деп ойлаған едік. Алайда кеше «Qazaq radiolary» күтпеген жерден тең түсіп қалды. «Спорт 59» командасымен кездескен. Соңғы кездері ойын өрнегі түзеліп келе жатқанымен «Qazaq radiolary»-на қарсылас бола алатын командалардың қатарынан емес еді. Ойын барысы да «радиолықтардың» жоспары бойынша өрбіп жатқан. Аса қатты күш салмастан 4:2 есебімен жеңіп тұрды. Алайда кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда қақпасына қатарынан екі доп жіберіп алып, күтпеген жерден ұпай жоғалтты. Қорытынды есеп – 4:4, енді оларға чемпион болу үшін соңғы турда қалайда «Хабарды» жеңу керек.

– Бұл ойын бізге шапалақ болып тиді. Ұта алмадық. Өзімізге тым сенімді болып кеттік. Бірақ, бір жағынан жақсы болды. Жігіттердің барлығы естерін жиып алды. Әйтпесе аздап есіріп кеткен едік. Енді соңғы турға тыңғылықты дайындалып шығамыз. Бәрібір чемпион болатындығымызға сенеміз, – деді ойыннан кейін «Qazaq radiolary»-ның вице-капитаны, әрі бапкері Назар Найзабекұлы.

Өз кезегінде «Хабар» бір ғана құраммен ойнап, «Астана ТВ» командасынан 5:3 есебімен айласын асырды. Алайда оларға да жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ернұр Досжановтың голынан кейін «астаналықтар» есепте алға шыққан. Одан кейін де есепті ұлғайтатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ мұндай қысымның талайын көрген «хабарлықтар» дер кезінде естерін жиды. Маусым бойы қалың ұйқыда жатып, маңызды сәттерде командасын алға сүйрейтін Нұрсұлтан Құрманның қатарынан тепкен екі добы Алексей Ефименко қорғаған қақпаның торын бүлк еткізді. Үзіліске дейін «Астана ТВ» таразы басын теңестіре алғанымен екінші таймда Әлішер Келгенбай дубль жасап, Нұрсұлтан Қабылбек бір гол соқты да, «Хабарға» маусымдағы кезекті жеңісті сыйлады. Осылайша ойынның аяқталуына екі минут қалғанда Сәбит Байхоновтың соққан голы матч нәтижесіне еш өзгеріс енгізе алмады. Қорытынды есеп – 5:3.

Енді чемпион атану үшін «Qazaq radiolary»-на қалайда жеңіс қажет. Ал «Хабарға» тең түссе де жетіп жатыр. Жетінші чемпиондығын рәсімдейтін болады.

Сондай-ақ, кеше «В» лигасына «ұшқан» екі команда анықталды. «National Geographic Qazaqstan» 1:14 есебімен «Қазмедиадан» ойсырай ұтылды. Ал алты гол соққан Құмарбек Азат сұрмергендер жарысында көшбасшы Әлішер Келгенбайға жақындады. Бұдан бөлек, бұл ойын осы маусымның ең ірі есебі ретінде тіркелді.

«National Geographic Qazaqstan» командасымен бірге «Kazaknews.kz»-те «А» лигасындағы бір маусымдық сапарын аяқтады. Кеше олар «Егемен Қазақстанмен» кездескен. Қос тарапқа да ұпай ауадай қажет болатын. Оның үстіне, бірінші айналымда Доған Йылдыз бастаған жастар «егемендіктерді» 6:5 есебімен тізе бүктірген. Сондықтан, ойынның өте қызықты өтетіні анық еді. Бірақ «Егемен Қазақстан» бұл матчты ойын деп қабылдамады. Бірден шабуылға лап қойып, қарсылас қақпасына жауапсыз алты гол соқты.

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.    

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here