«В» лигасына ұшатындардың көшін «National Geographic Qazaqstan» бастап тұр. Арай Ізбай бастаған бұл ұжым өткен турда «Qazaq radiolary»-нан 1:6 есебімен оңбай ұтылды. Дегенмен, қарсыластарына қарағанда әлсіз болды деуге келмейді. Әсіресе бірінші таймда. Дәурен Жолдасов пен Назар Найзабекұлы бір-бір голдан соққанымен «National Geographic Qazaqstan»-да да ойын барысын өз бағыттарына қарай бұратын мүмкіндіктері болған. Бірақ «Qazaq radiolary»-ның қақпашысы Нұрбол Самат қателікке бой алдырған жоқ. Ал үзілістен кейін «Qazaq radiolary»-н тоқтату мүмкін болмады. Өкшемен де гол соқты, мазақ етіп те қақпаға тепті, әйтеуір, қалағандарынша ойыннан ләззат алды. Енді «Табиғат жыршыларын» екі ойын күтіп тұр. Келесі кездесуде «Қазмедиаға» қарсы тұрады, одан кейін басты бәсекелестерінің бірі «Егемен Қазақстан» бар. Сондықтан, «National Geographic Qazaqstan»-ды қазірден-ақ «В» лигасына жібере беруге болатын шығар.
Келесі маусымда «В» лигасына ұшатындардың қатарында «Kazaknews.kz» те бар. Олардың да алдағы ойындары оңай емес. Келесі турда «Егемен Қазақстанмен» ойнайды. Одан кейін «Қазмедианың» қарқынына шыдас беру керек. Сондықтан, «National Geographic Qazaqstan» жігіттерімен қол ұстасып, «В» лигасына ұшатын екінші ұжым ретінде «Kazaknews.kz»-ті қарастыруға болатын шығар. Ал өткен турда Доған Йылдыз бастаған жастар маусымның басты фавориттерінің бірі «Астанаға» әжептеуір қарсылық көрсетті. Бірінші тайм 1:2 есебімен аяқталып, үзілістен кейін де гол соғатын бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Алайда шеберлік жетіспеді. Ал «Астана ТВ» қателікті кешірмейді. Ойын соңына таман тізгінді толығымен өз қолдарына алып, матчты 6:2 есебімен аяқтады.
«Егемен Қазақстанның» да жағдайы жақсы емес. Бірақ, жоғарыда атап өткен бәсекелестеріне қарағанда бұл командада бәрі де өз қолдарында. Алда оларды «Kazaknews.kz» пен «National Geographic Qazaqstan» бар. Міне, тағдырлары осы екі ойында шешіледі. Өткен турда олар «Хабарға» еш қарсылық көрсете алмай, 3:8 есебімен ойсырай ұтылды. Иә, бұл матч көп ойындардың бірі ретінде ұмытылып қалуы да мүмкін еді. Алайда, көпшіліктің есінде «Егемен Қазақстан» – «Хабар» матчы Нұрсұлтан Құрманның автоголымен есте қалатын болды. Бұл оның ресми ойындардағы алғашқы автоголы.
– «Егемен Қазақстан» қақпасына сегізінші голды соққанда қарсыластардың бір ойыншысы жарақат алып, алаңда жатқанын байқамаппыз. Сондықтан фейр-плей жасадық, – деп түсіндірді бұл автоголды ойыннан кейін Нұрсұлтанның өзі.
Ал «А» лигасының басты ойыны «Қазмедиа» мен «Спорт 59» арасында өтті. Алайда «Matchday» көрермендердің көңілінен шыққан жоқ. Бұған бірінші ретте «Спорт 59» кінәлі шығар. «Қазмедианың» қарқынды шабуылдарына тосқауыл бола алмады. Ал Марғұлан Ибраевтің алаңға оралысымен қайта күш алған ҚМО командасы «Спорт 59» соққан бір голға жеті тура соққымен жауап беріп, қола жүлде жолындағы жорығын одан әрі жалғастырды.
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені