ХІІ тур Журналистер біріншілігінің «В» лигасында үздік үштікті анықтап берді. Әлбетте ДИиК МО РК ұжымына тең келер команда жоқ. Олар «В» лигасының бас жүлдесіне ХІ турда қол жеткізіп қойған. Қазір Ғани Нүсіпов бастаған «сарбаздарға» алаңға қолдарын қалтасына салып шықса да болады. Бірақ команда ұпай жоғалтқысы келмейді. «Qazsport»-тың да тағдырын шешіп, жорықтарына нүкте қойды. ХІІ турдың шымылдығын түрген ойында ДИиК МО РК ойыншылары матч басталғаннан-ақ белсенді қимылдап, 6-шы минутта-ақ есеп ашты. Гол соққан – Алмас Зиятов. Алмас мұнымен тынышталған жоқ. Бұған себеп те бар. Қанша жерден бір командада ойнағанымен дәл қазір ДИиК МО РК ұжымында Зиятов сұрмергендер жарысында әріптесі Николай Кружальскиймен бәсекелес. Команда маусымды жеңіспен аяқтады, енді жекелей номинацияларды жинайтын уақыт келді. Сондықтан, Алмас Зиятов пен Николай Кружальский соңғы турға дейін тоқтамайды. Коля бір рет тура соққысымен көзге түссе, Алмас покер жасады. Міне, осылайша ойын тағдыры шешіліп, Эльдар Аманбаев соққан гол «QAZSPORT»-ты ірі ұтылыстан құтқара алмады. Ал сұрмергендер тізімінде Зиятов енді екі гол соқса, 31 голы бар Кружальскийді қуып жетеді.
Басты бәсекелесі жеңілгеннен кейін «Хабар 24»-тің жұмысы аздап болса да жеңілдеді. Олар өткен турда «Qsport.kz»-пен кездескен. Жандос Әбумуталифұлы бастаған бұл команда да жүлдеден үмітті болған. Егер осы ойында жеңіске жеткенде «Qsport.kz» те жүлдеге таласар еді. Осы кездесу бәрін шешті. Бірінші таймда бір-бірін аңдысқан командалар үзіліске голсыз тарқасқан. Бес гол да екінші таймда соғылды. Алдымен Бейімбет Молдағалидің алыстан тепкен добын «Qsport.kz» қақпашысы Райымбек Қойшыбек қолынан шығарып алса, үзіліске бес минут қалғанда қорғаушылар Бауыржан Қошановтан көз жазып қалып, таблода 2:0 есебі тіркелді. Алайда текетірес мұнымен басылған жоқ. Еламан Әмірғазының айып соққысынан кейін таблодағы көрсеткіш өзгеріп, «Qsport.kz» те үміт пайда болған. Бірақ «Хабар 24»-тің кезекті бұрыштамасы тағы да голға айналып, Рауан Омархан гол соқты. Ал Ардақ Қасымхан таразы басын қысқартып, командасының екінші голын соққанда уақыттың аяқталуына тым аз қалған еді. Осылайша ойын 3:2 есебімен аяқталып, «Хабар 24» жүлделі орынды рәсімдесе, «Qsport.kz» енді 4-ші орынға таласпақ.
«Хабар 24»-те, тіпті екінші орыннан да үміт бар. Бірақ ол үшін келесі аптада қалайда ДИиК МО РК командасын ұту қажет. Содан кейін ғана «Elorda aqparat»-тан ұпай алуға тырысады. Өз кезегінде «Elorda aqparat» өткен турда «Мазмұндаманы» 11:0 есебімен ойсырата ұтып, осы маусымдағы ірі жеңісіне қол жеткізді. Ал «Мазмұндамаға» бұл ұтылыс тіптен ауыр тиіп, өз тарихындағы ең ірі жеңілісіне ұшырады.
Сонымен қатар, өткен турда аутсайдерлер дербиін де тамашаладық. Жеңілістен көз ашпаған «Aiqyn-Литер» 5:2 есебімен «Қаламгерді» ұтып, кішігірім сенсация жасады.
– Бұл жеңісті ұзақ күттік. Иә, былтыр бірінші маусымда тәжірибеміз аздау болып, барлық ойында ұтылдық. Биыл ойынымыз да түзеліп келеді, шеберлігіміз де артқан. Ешбір ойында ұпайды қолдан бермедік. Әйтсе де, сәттілік жетіспей келген. Бұл жолы айымыз оңынан туып, «Қаламгерді» ұта алдық. Енді алдағы екі кездесуден де максималды ұпай алуымыз қажет, – деді ойыннан кейін қуанышы қойнына сыймаған Абылайхан Жұмашев.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені