ДИиК МО РК мен «Elorda aqparat» – міне, осы екі команда маусым басында мамандардың пікірінше «В» лигасының басты фавориттері саналған. Екеуі де өздеріне артылған сенімдерді толығымен ақтап келеді. Дегенмен командалардың бірінші айналымдағы кездесуінде ДИиК МО РК басты бәсекелесін 8:1 есебімен ойсырата жеңген. Содан бері «Elorda aqparat» қарсыласына тіс қайрап жүр. Ал кек қайтарар кез кеше келді. Иә, ойын расымен де тартысты басталды. Бірінші таймда қос команда да көрермендерді керемет комбинациялық ойындарымен қуантып, үзіліске 2:2 есебімен тарқасты. Бірақ бар күшін бірінші таймға жұмсаған «Elorda aqparat» ойыншылары шаршап қалды да, үзілістен кейін қарсыластарының жылдам шабуылдарына үлгермей қалып жатты. Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі Баспасөз қызметінің командасы тағы сегіз гол соғып, матчты 10:2 есебімен аяқтады. Осылайша ДИиК МО РК «А» лигасына жолдама алған алғашқы команда ретінде тіркелді. Енді оларды ешкім де қуып жете қоймас. Жетсе дағы бірінші орыннан түсіре алмасы анық. Сондай-ақ, биылғы маусымда командалардан бірінші болып голдарының санын 100-ден асырды. Айтпақшы, айта кетейік, БАҚ лига тарихында бір маусымда ең көп гол соққан команда – «Хабар». Олар үшінші маусымда қарсылас қақпасына 125 гол тоғытқан еді. Рекордтың қаймағы бұзыла ма?
«Elorda aqparat»-ты «Хабар 24» қуып жетуі мүмкін. Хасан Ташенов бастаған команда кеше «Қаламгерден» қарымта қайтарды. Естеріңізде болса, бірінші айналымда күтпеген жерден 1:4 есебімен ұтылған еді. Бұл жолы өздері төрт гол соқты және өз қақпасының «есігін ашқан» жоқ. Бұл жеңіс «Хабар 24» командасына сенімділік сыйлап, турнир кестесіндегі орнын нығайтты. Қазір олардың қоржынында 21 ұпай бар. Яғни, екінші орындағы «Elorda aqparat»-тан 4-ақ ұпайға артта. Алайда алда «Хабар 24»-ті өте ауыр ойындар күтіп тұр. Келесі турда «Qsport.kz»-пен кездеседі. Сосын ДИиК МОР РК бар. Ал соңғы турда «Elorda aqparat»-пен кездесуі керек.
Дегенмен «Хабар 24»-тің басты бәсекелесі QAZSPORT-тың да күнтізбесі жеңіл емес. Оларды келесі турда-ақ ДИиК МО РК командасына қарсы ауыр сынақ күтіп тұр. Одан кейін «Qsport.kz» пен «Мазмұндама» бар. Ал кеше QAZSPORT маусымның басты аутсайдері «Aiqyn-Литерді» ұтты. Есеп – 3:1. Таблодан-ақ ойынның екі команда үшін де оңай болмағанын байқаған боларсыздар. Матч басында жылдам екі гол өткізіп алғанына қарамастан «Aiqyn-Литер» соңына дейін айқасып, екінші таймның басында таблодағы көрсеткішті бір голға дейін қысқарта алған. Бірақ ойынның 30-шы минутында Ратмир Әубәкірдің кезекті соққысынан көз жазып қалып, сол күйі естерін жия алмады.
Ал 11-ші турдың ең тартысты ойыны «Мазмұндама» мен «Qsport.kz» арасында өтті. Айта кетейік, бірінші айналымда «мазмұндамалықтар» 0:4 есебімен ойсырай ұтылған. Жауапкершілікті тым қатты сезінген олар ойынға үш құраммен келді. Бірақ «күшік кезінде таланған» жаман ғой, бұл жолы да қарсыластарына қарсы алаңға қаймығып шықты. Бірінші таймда 0:2 есебімен жеңіліп жатты да, үзілістен кейін қақпаларына үшінші голды өткізіп алды. Ал одан кейін естерін жиып, алға атойлағанымен уақыт жетпей қалды. Бар болғаны екі-ақ тура соққымен жауап қата алды. Қорытынды есеп – 3:2, «Qsport.kz» командасының әлі де үздік үштіктен үміттері бар.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені