Ойбай, қашыңдар немесе БАҚ лиганың ТОП-7 дөрекі ойыншысы

0
445
Want create site? Find Free WordPress Themes and plugins.

Негізі бұл тізімге National Geographic Qazaqstan сапынан Арай Ізбай, «Спорт 59»-дан Нұрсұлтан Бақанов, «Хабар 24»-тен Аян Омарқұлов пен Аслан Мыңбаев, «Қаламгерден» Ербол Қайыров, «Aiqyn-Литерден» Серік Қоңырбаев, «Егемен Қазақстаннан» Төлеубек Қадырмолла, Қолғанат Салин сияқты «сындырғыштар» да кіруі тиіс еді. Бірақ біз бұлардан да зорлардың рейтингін түздік.

№7. Дарын ШЕҢГЕЛБАЙ (Астана ТВ) – шабуылшы

Рейтингімізді Дарын Шеңгелбай ашып отыр. «Астана ТВ» ойыншысы сұрмергендігімен ғана емес, алаңдағы дөрекілігімен де танымал. Шабуыл шебінде жүріп те ойын ережесін бұза береді. Сәйкесінше Дарыннан зардап шегетіндердің көбі не қорғаушылар, не қақпашылар. Ол да ештеңе емес, провакаторлық та өнері бар. Яғни, қарсыласын да сары қағазға итермелейді. Сондықтан, алаңда Дарын Шеңгелбаймен бетпе-бет кезіге қалсаңыз, бірден кемі бес метрге ары қашқаныңыз жөн.

№6. Әлішер МҰҚАЖАН (Aiqyn-Литер) – қорғаушы

Алаңдағы Әлішер Мұқажан қоқиланған қораздарды еске түсіреді. Ержүректігінен шығар, кез келген текетірестен аяғын тартып қалған емес. Алдыңдағы допты аяғыңмен қосып жұлып алады. Мұндайда шарасынан шыға жаздаған көздерінің өзі қорқынышты, тура қарауға жүрегің дауаламайды. Қарап қалсаң, өзіңді ұрып жіберетіндей.

№5. Жалын ТІЛЕУБЕРГЕН (Qsport.kz) – қорғаушы

Матчқа дейін немесе матчтан кейін сенімен «Бәке, Жәке, Сәке» деп арқа-жарқа әңгімелесіп тұра беруі мүмкін. Мұндайда мынау неткен момақан жігіт деп ойлауыңыз ғажап емес. Алайда алаңда Жалын Тілеуберген мүлдем басқа адам. Аяқтан теуіп кету, байқаусызда шалып құлату, қарсыласын итеріп жіберу ол үшін қалыпты құбылыс.

№4. Еркін ШӘКІР (Мазмұндама) – қорғаушы

«Қазір ол басылған. Бұрынғыдай емес» деуіңіз мүмкін. Бірақ статистика алдамайды. «Мазмұндаманың» вице-капитаны Еркін Шәкір осы маусымда ең көп сары қағаз алған ойыншылардың қатарында. Ал алаңда айқай салғанда қарсыластары ғана емес, командаластары да сескеніп, бар білгенінен жаңылып жатады.

№3. Нұрахмет БЕКТҰРҒАНОВ (Хабар 24) – қорғаушы

«Хабар 24»-ке қарсы ойнаудан «В» лигасындағы командалардың көбі сескенеді. Өйткені, құрамында дөрекі ойыншылар көп. Дегенмен, қорғаушы Нұрахмет Бектұрғановты ерекше атап өту қажет. Ойнағанынан дауласқаны көп Нұрахмет Бектұрғановтың лазаретке жіберген қарсыластарын тізер болсақ, он саусақ та аздық ететін шығар. Иә, әдейі жасамайды. Бірақ бар жылдамдығымен келіп соғысқанда, құдды бір, өзіңді танк таптап өткендей әсерде қаласың.

№2. Ершат ҚОЖАТАЕВ (Қазмедиа) – қорғаушы

«Абайлаңыз, қабаған ит» деген жазуды көріп пе едіңіз? Меніңше, алаңға шыққанда Ершат Қожатаевтың да мойнына «Абайлаңыз, терминатор» деген белгі іліп қою қажет секілді. Иә, ол ешкімді аямайды. Әуедегі допқа секірсең баспен ұрады, жердегі допқа талассаң, екі аяқпен кіреді. Ешкімді авторитет санамайтын Ершат Қожатаев үшін жасыл алаңда қарсыластарының бәрі – жау.

№1. Әлібек ЕСКЕНДІРОВ (National Geographic Qazaqstan) – қорғаушы

Оның өткен жылғы баспен бүйірден ұрған соққысы ютубте ең көп қаралым жинаған видеолардың қатарында. Жалпы, Әлібек Ескендіровке қарсы ойнау денсаулығың үшін өте қауіпті. Аяқпен кіріп ақсақ етуі де мүмкін, тіземен кіріп, екі бүктеуі де ғажап емес, ал иықпен соғып, қарсыласын трибунаға ұшырып жіберу бұл қорғаушы үшін қалыпты жағдай. Дегенмен алаңда ғана. Сары қағаз алудың хас шебері саналатын бұл қорғаушыдан ойыннан кейін мәдениетті адамды таппайсыз.

Автор: Қисықаяқ ТҮЗУТЕПКЕНОВ

БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:

«Елорда ақпарат» агенттігі.

БАҚ лиганың ресми суы – TURAN

БАҚ лига VII маусымының серіктестері:

«Halva» кафесі, Life football дүкені

Did you find apk for android? You can find new Free Android Games and apps.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here