Қақпашы – Алексей ЕФИМЕНКО (Астана ТВ)
Алексей Евименко қатарынан екінші турда БАҚ лиганың үздік қақпашы атағын жеңіп отыр. «Егемен Қазақстан» командасына қарсы кездесуде «Астана ТВ» кипері әдеттегідей сақ ойнап, әріптестеріне сенімді серік бола білді. Шыны керек, маусым басындағыдай емес, Адлет Құсайынов жарақат алып саптан шыққан Дмитрий Покидаевты аса жоқтап жүрген жоқ.
Қорғаушылар – Ербол КЕНЖЕБАЕВ (Спорт 59) пен Тұрсынбек ЖОЛДЫБАЕВ (Хабар)
«Спорт 59» командасы қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Өткен турда Едіге Ержанның екі голы жеңіс әкелген. Бұл жолы Ербол Кенжебаевтың дублі үш ұпайдың кепілі болды. Қорғаныста өте сауатты ойнаған Ербол екі рет алға шығып қайтқаны сол еді, «National Geographic Qazaqstan» ойыншылары еш қауқар көрсете алмай, қақпа есігін өз қолдарымен ашып берді.
Алматыдан астанаға былтыр қоныс аударған Тұрсынбек Жолдыбаев әу баста өз қызметін өзге командаларға ұсынған екен. Алайда ойыншының әлеуетіне ешкім сене қоймапты. Кейін «таныстық» арқылы «Хабар» командасынан орын алған. Ал қазір негізгі құрамда ойнап жүр. Соңғы турда «Қазмедиа» қақпасына хет-трик жасап, командасына маңызды жеңісті сыйлады.
Шабуылшылар – Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар) пен Ержан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ (Астана ТВ)
Өкінішке қарай, БАҚ лигада ассистер саналмайды, әйтпесе, бұл көрсеткіш жөнінен Нұрсұлтан Қабылбек Журналистер біріншілігінде көш бастап тұруы әбден мүмкін еді. Дегенмен сұрмергендік қабілетін де ұмытқан жоқ. «Қазмедиа» қақпасына соққан екі голы соған дәлел. Жалпы, өткен турдың бірінші таймы «Хабар» үшін өте ауыр болды. Бәрі қолын сілтегенде соңына дейін арпалысқан Нұрсұлтан Қабылбек пен Тұрсынбек Жолдыбаев еді.
Адлет Құсайыновтың таланттарды тани білетін қабілеті бар. Журналистер біріншілігіне біраз дарынды танытты. О бастан келе жатқан Дарын Шеңгелбай, Дмитрий Покидаевтарды айтпағанда сапқа биыл қосылған Сәбит Байхонов, Алексей Евфименко мен Ержан Қайырғалиевтер де көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Ержан өткен турда «Егемен Қазақстан» қақпасына үш гол соғып, өз мықтылығын дәлелдеді.
Резерв:
Қақпашы – Нұрбол САМАТ (Qazaq radiolary).
Қорғаушылар – Ер-Ұлан НҰРЛАНОВ (Астана ТВ), Бекнұр НҰРМАҒАНБЕТ (Qazaq radiolary).
Шабуылшылар – Дәурен ЖОЛДАСОВ (Qazaq radiolary), Әлішер КЕЛГЕНБАЙ (Хабар).
«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені