Қақпашы – Саят САБЫРБАЕВ (Хабар 24)
Өткен турда «Мазмұндама» ойыншылары өте көп шабуылдады. Оң қапталмен де, сол қапталмен де атойлап шапты. Алайда «Хабар 24» кипері Саят Сабырбаевтың қақпасын тесе алған жоқ. Кейінгі кездері тонын өзгертіп, «Жақсы қақпашы – жарты қақпа» деп жүр ғой. Рас екен. Саяттың сенімді сейвтері командасына ауадай маңызды үш ұпайды әперді.
Қорғаушылар – Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ (QAZSPORT) пен Алмас ЗИЯТОВ (ДИиК МО РК)
Ермек Төрениязов гол соққан жоқ. Бірақ, оның міндеті де бұл емес. Ол әріптестеріне пас тасумен болды. Қорғаныста қырағы ойнап, «Қаламгер» ойыншыларын айып алаңына жолатпады. Бір сөзбен айтқанда, қақпашысының сенімді қорғаны бола білді.
Алмас Зиятовтың алаңдағы нақты позициясын анықтай алмай әлі жүрміз. Қай шепте ойнаса да, өте ширақ. Өткен турда көбіне қорғаныста жүрді. Бірақ бұл оған «Aiqyn-Литер» қақпасына хет-трик жасауға кедергі болған жоқ.
Шабуылшылар – Мәди ЫСҚАҚОВ (Elorda aqparat) пен Николай КРУЖАЛЬСКИЙ (ДИиК МО РК)
Мәди Ысқақовқа әріптестері тарапынан аздап сенім жетіспейтін секілді көрінеді. Өйткені, алаңға аз шығып жүр. Егер сәл көбірек ойнар болса, онда көрсеткіші бұдан да жақсы болар еді. Ал өткен турда Мәди әріптестерінен аз ойнағанына қарамастан бір гол соғып, екі нәтижелі пастың авторы атанды.
Былтыр «А» лигасында атой салған Николай Кружальский үшін биылғы «В» лигасындағы қарсыластар аса қиындық тудырып жатқан жоқ. Әр ойында гол соғады. Өткен турда да «Aiqyn-Литер» қорғанысын әбдеп піспектеп, покердің авторы атанды. Осылайша сұрмергендер жарысында басты бәсекелесінен 10 голға ұзап кетті.
Резерв:
Қақпашы – Нұрлан ТҰРАПОВ (ДИиК МО РК).
Қорғаушылар – Рауан ОМАРХАН (Хабар 24), Айхан ҒАЛЫМҰЛЫ (Elorda aqparat).
Шабуылшылар – Ратмир ӘУБӘКІР (QAZSPORT), Бексаттар САТТАР (Elorda aqparat).
«В» лигасының таңдаулы құрамымен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені