Былтыр «В» лигасының жеңімпазы атанғанымен маусым басында ешкім де «Қазмедианы» жоғарғы дивизионда атой салады деп ойламаған еді. Рас, құрамы нашар емес. Бірақ жүлдеге таласатындай да әлеуеті байқалмаған. Сөйткен «Қазмедиа» «А» лигасында фурор жасап жүр. Үшінші орыннан үміттері мол. Егер кешегі ойынын сәтті өткізгенде «күміске» де жорық жасап көруге болар еді. Олардың да мақсаттары сол болды. Оның үстіне, әлеуметтік желідегі «сөз атыстардан» кейін «қазмедиалықтар» қалайда қарсыластарына жазасын беруге тырысты. Әсіресе Құмарбек Азат «инстаграмда» жеткізе алмаған ойын алаңда айтып қалуға тырысып, «радиолықтарға» тіс қайрап шықты. Ал есепті қорғаушылардың қателігінен кейін Асқар Мұхтаров ашып, «Қазмедианы» алға шығарды. Бұл ойынның бесінші минуты еді. «Qazaq radiolary»-ның шабуылшылары қанша тырысқанымен бірінші таймда сол күйі ойын арнасын өзгерте алмады. Алайда еңсе түсірген жоқ. Өйткені, қос команда арасындағы текетірестің бірінші айналымындағы кездесуінде де есепті бірінші болып «қазмедиалықтар» ашқанымен үзілістен кейін қарқындарын арттырып, 5:2 есебімен жеңіске жеткен. Бұл жолы да «Qazaq radiolary» сол ерлікті қайталағысы келді. Тіпті, екінші таймды сәтті бастап, Жандос Манашев таразы басын теңестіріп те үлгерді. Дегенмен бұл матч бұрынғыға ұқсамайтын еді. Құмарбек Азаттың да әлі ашуы қайта қоймаған. Кезекті допқа таластардың бірінде Дәурен Жолдасовтың аяғынан «теңбіл снарядты» тартып алған Құмарбек құстай ұшып, қарсыласының айып алаңына жетіп барды да, Нұрбол Самат қорғаған қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Есеп – 2:1, «Qazaq radiolary» сасайын деді. Оны Назар Найзабектің ойынынан да байқауға болатын еді. Күтпеген жерден Мирас Жақыповтан алданып қалып, қақпашысына қауіп төндірді. Қайта бағы бар екен, Мирас тепкен доп қақпа бағанасына сарт етті. Егер доп қақпада тулап жатқанда, кім білсін, «Qazaq radiolary» чемпиондық арманымен қоштаса беруі де мүмкін еді. Міне, команда фартты осы кезде сезінді. Шабуылдары да күшейіп, ойынның аяқталуына бес минут қалғанда Дәурен Жолдасов таразы басын теңестірсе, араға екі минут салып, дубль жасаған Жолдасов командасын алға шығарды. Ал есеңгіреп қалған «Қазмедианы» алтыншы фол құртты. Оны команда капитаны Бекнұр Нұрмағанбет дәл орындап, таблода 4:2 есебі тіркелді. Иә, осылайша, «Qazaq radiolary» чемпиондық жарысты жалғастыра беретін болды. Ал «Қазмедианы» келесі турда тағы бір сынақ күтіп тұр. Ершат Қожатаевсыз қалып, жаралы қасқырдай болған олар «Хабармен» кездеседі.
Өз кезегінде алты дүркін чемпиондар «Kazaknews.kz» командасын қабылдап, қарсыластарын 12:2 есебімен ойсырата ұтты. Алты голды Әлішер Келгенбай соқса, Нұрсұлтан Қабылбек покер жасап, қалған екі голды өз еншілеріне Нұршапағат Несіпбаев пен Нұрсұлтан Құрман жазды. Ал 12 голға Азамат Ерболатов пен Әбдіманап Кеңестің бір-бір голымен ғана жауап бере алған «Kazaknews.kz» «Хабарды» енді іздемейтін болған шығар…
Үшінші орыннан «Астана ТВ» командасының да мүмкіндігі бар. Кеше «National Geographic Qazaqstan» жігіттерімен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Есепті бірінші болып «Табиғат жыршылары» ашты. Үшінші-ақ минутта Бекзат Сайназар командасын алға шығарған. Бір қызығы, «Астана ТВ» ұнжырғасын түсірген жоқ. Адлет Құсайынов бір тайм-аутпен ғана ойын арнасын 180 градусқа бұрып жіберді. Алдымен Сәбит Байхонов таразы басын теңестірсе, үзілістен кейін Байхонов дубль жасап, Ұлан Ақсұлтанов пен қақпашы Алексей Евименко біржола «ұйқыға» жіберді. Осылайша «Астана ТВ» «Қазмедианы» қуып жетіп, ұпай саны бойынша теңесті.
Ал «Спорт 59» жеңілістер сериясын тоқтатты. Бірінші ойында жеңіске жеткеннен кейін олар алты ойын қатарынан ұтылған. Бұл жолы «Егемен Қазақстаннан» үш ұпай алды. Данияр Бекжанов пен Едіге Ержан дубльдан жасап, Руслан Тәуірше мен Құдайберген Маханбетәлінің бір-бір голы «Спорт 59»-ға жеңіс әперді. Жоқ, «Егемен Қазақстан» нашар ойнады дей алмаймыз. Ойын тең дәрежеде өтті. Бірақ, өкініштеріне қарай, Қолғанат Салиннің покеріне үн қосар ешкім табылмады. Қорытынды есеп – 6:4, «Спорт 59» соңғы орынды тастап шықты.
«А» лигасының таңдаулы құрамымен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені