Турдың шымылдығын QAZSPORT пен Қаламгер түрді. Алғашқыларының мақсаты айқын. Биыл кемі үздік үштікке кіруді көздейді. Осы мақсатта арнайы бапкер де жалдапты. Өткен аптадан бері команданы Нұрсұлтан Қабылбек жаттықтырып жүр.
– Алғашқы жаттығуда команданың әлеуетін байқадым. Потенциалы бар ұжым екен. Ойындары жақсы. Бірақ, бірінші жиналыста-ақ бірден айттым. Дәл қазір ДИиК МО РК командасына шамамыз жетпес. Бірақ «Elorda aqparat»-тан ұпай алуға болады. Ол үшін дайындығымызды үзбеуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Қабылбек.
Ал «Қаламгерге» қарсы кездесу QAZSPORT үшін аса қиындық тудыра қоймады. Матч басталған бетте-ақ Эльдар Аманбаев пен Ратмир Әубәкір бір-бір голдан соғып, қарсыластарының мысын басып тастады. Үзіліс кезінде естерін жиғандай көрінген. Алайда «Қаламгер» шабуылшыларының тепкен доптары нысанаға жетпей, әбден әуреге түсті. Екінші таймда Нұрсұлтан Темірханов, Мағжан Жұмабаев «қаламгерліктердің» жағдайын мүлдем қиындатып жіберсе, Ратмирдің дублі тіптен ауыр тиді. «Қаламгер» тек Арлан Түлкібаев және Абзал Серіковтің голдарын ғана қанағат қылды.
Екінші ойында көрермендер БАҚ лиганың қос алыбы Амангелді Сейітхан мен Берік Уәлидің паркеттегі текетіресіне куә болды. «Aiqyn-Литер» бірінші таймда тәп-тәуір қарсылық көрсеткенімен үзілістен кейін аздап шаршағандары байқалды. Содан голдар бірінен соң бірі кіре бастады. Әйтпесе, 10-шы минутқа дейін жақсы ойнаған. Ал Қуаныш Сапарбаевтың голынан кейін көздерінде үміт те пайда болып еді. алайда бәрі әдеттегідей аяқталды. Қорытынды есеп – 12:1, ДИиК МО РК командасына «В» лигасында қарсылас табылар емес.
3:6 есебімен жеңілгеніне қарамастан «Qsport.kz» те «Elorda aqparat»-қа қарсы жақсы ойнады. Бапкердің қолтаңбасы көрініп тұр. Естуімізше, жаңа жылдан бері «Qsport.kz» Назар Найзабектің жетекшілігімен бір алаңда «Qazaq radiolary»-мен бірге жаттығып жүр екен. Сондықтан, ойын өрнегі ұнады. Бірақ «Elorda aqparat»-қа шамалары жетпеді. Әлеуеті әлдеқайда мықты «ақшамдықтар» үзіліске дейін есепті 3:1-ге жеткізіп алды да, екінші таймда сол басымдықты ұстап тұруға тырысып, ойынды артық күш жұмсамастан жеңіспен аяқтады.
«Мазмұндама» мен «Хабар 24» арасындағы текетірестің бірінші айналымында телеарна командасы 0:2 есебімен ұтылып жатып, ойынның соңғы минутында жеңісті жұлып алған. Бұл жолы сол қателікті қайталағысы келмеген «Хабар 24» матч басталға бетте-ақ шабуылды күшейтіп, акцентті алғы шепке берді. Нәтижесі жаман емес. Әр таймда екі голдан соққан олар 4:0 есебімен қарсыластарын ойсырата ұтты. Қазір оларда үшінші орыннан үміт бар.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені