Қақпашы – Нұрлан ТҰРАПОВ (ДИиК МО РК)
Қорғаныс министрлігі Баспасөз қызметінің қақпашысы Нұрлан Тұраповтың әмбебап ойыншы екенін жақсы білеміз. Биыл ол қақпашылық қасиетімен де көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Алға атойлап шығып, гол соғып қайтуды да ұмытпайды. Өткен турда «Elorda aqparat» қақпасына да алыстан керемет гол соқты. Сондай-ақ, бесінші ойыншының рөлін атқарып, командасына басымдық берді.
Қорғаушылар – Эльдар АМАНБАЕВ (QAZSPORT) пен Айғали ХАДЫРОВ (ДИиК МО РК)
Эльдар Аманбаев ақырындап негізгі құрамнан да орын алды. Мұның алдындағы турда бір гол соғып, таңдаулы команданың қосалқы құрамынан орын алған. Бұл жолы дубль жасап, негізгі құрамнан бір-ақ шықты. Ал оның басты міндеті қорғаныс шебі екенін де ұмытуға болмайды. Бұл рөлін де Эльдар керемет сомдап жүр.
Айғали Хадыровтың қаншалықты мықты ойыншы екенін жақсы білеміз. Бірақ толық қырын енді ашты. «Elorda aqparat» қорғаушылары ДИиК МО РК сапынан Николай Кружальский мен Алмас Зиятовтан қауіптеніп жүргенде голдың көбісін Айғали соғып, қарсыластарын сазға отырғызып кетті.
Шабуылшылар – Нүркен ТОҚМУРЗИН (Қаламгер) мен Олжас ЖАҚЫПБЕК (Qsport.kz)
Шыны керек, биыл Нүркен Тоқмурзинге команданы құру оңай болған жоқ. Демократ та болып көрді, диктатор болуға да тура келді. Әйтеуір, әупірімдеп команда жасақтап шығарды. Қазір жемісін жеп жүр. Өзі де тур өткен сайын көсіліп келеді. «Хабар 24»-ке қарсы кездесуде Тоқмурзин әр таймда бір-бір голдан соғып, «Қаламгердің» жеңісіне сүбелі үлесін қосты.
«Мазмұндамаға» өткен турда Олжас Жақыпбекті тұсап ұстау қиын болды. Покер жасады, әріптестеріне пас асырып тұрды. Тіпті, Қанат Базылханның қызыл қағаз алып, алаңнан қуылуына да себепкер болды.
Резерв:
Қақпашылар – Нұрхан ШАРХАНҰЛЫ (Қаламгер).
Қорғаушылар – Еламан ӘМІРҒАЗЫ (Qsport.kz), Мұхамеджан БЕРДАЛЫ (Қаламгер).
Шабуылшылар – Ержан ҚОЖАБЕКОВ (Qsport.kz), Алмас ЗИЯТОВ (ДИиК МО РК).
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.