Турдың орталық матчында алаңға ДИиК МО РК мен «Elorda aqparat» шықты. Бұған дейін байқаусызда бір ойынын жеңіліп қалғанына қарамастан Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметімен қатар «Elorda aqparat» та маусымның басты фавориттерінің қатарынан. Оның үстіне, осы ойын үшін қызметіне байланысты Алматыға ауысып кеткен Нүркен Жамбаевты да шақыртыпты. Басқа ойыншылары да толық бабында. Алайда ДИиК МО РК командасына шамалары жетпеді. Төрешінің алғашқы ысқырығы естіле салысымен қысымды күшейткен Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметі екінші минутта-ақ есеп ашты. Мұнымен байыз таппады. Араға алты минут салып Айғали Хадыров есепті еселесе, үзіліске екі минут қалғанда қақпашы Нұрлан Тұраповтың парашют стиліндегі соққысы голға айналып, таблода 3:0 есебі тіркелді. Негізі, бұл гол «Elorda aqparat»-тың сағын сындыра алмаған-ды. Керісінше, қарқындарын арттырған олар бірінші таймның соңғы минутында Ернар Сатанов соққан голдан кейін жағдайларын аз да болса түзей алған. Өкініштеріне қарай, екінші таймға күштері жетпей қалды. Әбден тістелген duracell-дей болған олар қарапайым сәттерде де қателесіп жатты. Нәтижесінде екінші таймда қақпаларына тағы бес гол жіберіп, 1:8 есебімен ойсырай жеңілді.
«Elorda aqparat» екінші орыннан ығысқан жоқ. Ал үшінші орынға QAZSPORT көтерілді. Олар маусымның басты аутсайдері «Aiqyn-Литермен» кездесіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Негізі, өткен аптада алғашқы жеңісіне қол жеткізген «айқындықтар» бұл ойында да жақсы ойнады. Әсіресе екінші таймда терезесі тең өнер көрсетті. Егер матчтың алғашқы жартысын да осылай өткізгенде, онда ойынның тең аяқталуы да ғажап емес еді.
Енді кезекті сенсацияларға берейік. Күтпеген есептердің бірі «Мазмұндама» мен «Qsport.kz» арасындағы ойында тіркелді. Соңғы ойындарда қарқын алған «мазмұндамалықтар», шамасы, алаңға мұрындарын шүйіріп шыққан секілді. Ал спорт мұндайды кешірмейді. Иә, расымен де, Олжас Жақыпбек, Ержан Қожабеков, Жалын Тілеуберген, Еламан Әмірғазы… сынды саңлақтары бар команданы қаперге алмау – үлкен қателік. Сонысы үшін сазайын да тартты. Олжас покер авторы атанса, Ержан дубль жасап, «Мазмұндаманың» үш голына еселеп жауап берді. Қорытынды есеп 6:3.
Ал «Қаламгердің» «Хабар 24» командасын жеңуін бүкіл бақ лигалықтар ерлікке балады. Иә, «Хабар 24» сапында Рауан Омархан, Нұрахмет Бектұрғанов сынды мықтылар болған жоқ. Алайда «А» лигасының дәмін татып, «В» лигасында фавориттердің біріне баланатын «Хабар 24» үшін бұл сылтау емес. «Ұтуы тиіс еді. Ірі есеппен» деп ойлады көбісі. Біз де солай. Бірақ «Қаламгер» қазір жеңісті мә деп бере салатын команда емес. Әбден піскен. Бірінші таймда бір-бір голдан алмасқанымен үзілістен кейін «Хабар 24» қақпасына тағы үш гол соғып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
БАҚ лига VII маусымының басты ұйымдастырушысы:
БАҚ лиганың ресми суы – TURAN
БАҚ лига VII маусымының серіктестері:
«Halva» кафесі, Life football дүкені